Қазақстан мен Ресей шегірткеге қарсы бірлескен жоспар әзірлемек

АСТАНА. KAZINFORM —  Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екіжақты іс-қимыл аясында шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерінің таралуын болдырмау мақсатында 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу және оған қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

саранча
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Мұндай шешім АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті мен РФ АШМ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңес қорытындысы бойынша қабылданды.

Жиын барысында ағымдағы фитосанитариялық жағдай мәселелері, сондай-ақ мониторинг жүргізу, үйірлі шегірткелерінің ошақтарын дер кезінде анықтау және қорғау шараларын жүзеге асыру бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту тетіктері қаралды.

Екі елдің бейінді қызметтерінің жұмысын үйлестіруге және вегетациялық кезеңде жедел ақпарат алмасуды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жоспарды іске асыру тараптар іс-қимылдарының үйлесімділігін қамтамасыз етуге, жүргізілетін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға, шегіртке зиянкестерінің таралу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайту мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін сақтауға септігін тигізеді.

Айта кетелік БҚО-да шегірткеге қарсы 455 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізілмек