Қазақстан мен Ресей трансшекаралық су ресурстарын басқаруды жетілдіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Жиынға ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров қатысты. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Ресейдің трансшекаралық су нысандарын пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастығының даму барысы туралы айтты.
Сессияда спикерлер Қазақстан мен Ресейдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылы, Ертіс өзені бассейнінің экожүйесін сақтау шаралары, Ертіс пен Жайық өзендері бассейндерінде гидрологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ климаттың өзгеруінің трансшекаралық өзендердің су молдығына әсері мәселелерін талқылады.
Панельдік сессияның мақсаты — Ертіс өзенін қорғау, экологиялық мониторинг жүргізу және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағыттарындағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының басым бағыттары бойынша ортақ түсінік қалыптастыру.
— Ертіс өзені бойынша ведомствоаралық жұмыс топтары аясында уәкілетті органдардың алдағы уақытта да сындарлы жұмысы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және трансшекаралық су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді деп сенеміз, — деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Айта кетелік биыл трансшекаралық су ресурстарының спутниктік деректерімен алмасу платформасы іске қосылады.