Қазақстан мен Ресей жоғарғы әскери оқу орындарын бітірген түлектер әскери қызметке кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жас офицерлері - Қазақстан мен Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарының биылғы жылы оқу бітірген түлектері білімдерін тәжірибеде қолдануға дайындалуда.

Қазақстан мен Ресей жоғарғы әскери оқу орындарын бітірген түлектер әскери қызметке кірісті

Ақтау қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 25744 әскери бөлімінде осы жылдың 9-21 тамызы аралығында жас офицерлер жиыны өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты - жас командирлердің әскери қызметке бейімделуі, қажетті әскери дағдыны меңгеріп, оқу орнынан игерген білімін қолдануы болып табылады.

Жиынға 58 жас офицер қатысады. Әскери қызметшілерге арнап әдістемелік сабақтар, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық және штабтық даярлықтар, семинарлар, дәрістер, нұсқаулық-әдістемелік көрсеткіштері және оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі.

Естеріңізге сала кетсек, осы аптада «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде биыл Алматы қаласындағы жоғарғы әскери оқу орындарын бітірген жас лейтенанттардың он күндік оқу-жаттығу әдістемелік жиыны басталды. Бұл жиынға 15 жас офицер қатысады.