Қазақстан мен Ресейдің инфрақұрылымдық салада ынтымақтастықты дамытуына өте үлкен әлеуеті бар - Н. Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылымдық салада ынтымақтастықты ары қарай дамыту үшін өте үлкен әлеует бар. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген РФ Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Біздің әрбір кездесуімізде бірлескен жобаларды іске асыру бойынша, өзара тиімді талаптармен біздің ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын атқаруда нақты келісімдерге қол жеткіземіз. Ағымдағы оңай емес жағдайда келіссөздердің басты тақырыбы ретінде экономикада үйлестірілген іс-қимылдарды жүргізу мәселелері болды. Ол үшін бізде екіжақты форматта да, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясында да барлық қажетті тетіктер бар», - деді Президент.
Н. Назарбаев келіссөздер барысында әлемдік экономикадағы проблемалардың салдарын жеңілдету үшін нақты шаралардың топтамасы белгіленгенін атап өтті. Осы орайда Қазақстан арқылы транзит мәселесін қарастыру, оның ішінде құбыр арқылы тасымалдау мүмкіндіктері қамтылған. Сонымен қатар Каспий кен орындарын бірлесе игеру, көмір өнеркәсібінде ынтымақтастық, Каспий теңізін бойлай Парсы шығанағына бағытталған жаңа жол бойынша транзит мәселелері талқыланды. Мұнымен қоса «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолының құрылысын аяқтау, сондай-ақ инфрақұрылымдық ынтымақтастықтың саласындағы өзге де жобалар жайында сөз қозғалды.
«Осы салаларда серіктестікті бұдан ары қарай дамыту үшін өте үлкен әлеует бар», - деді Президент.