Қазақстан мен Сербия арасында жан-жақты серіктестікті дамытудың көптеген бағыттары бар - ҚР Премьер-Министрі

«Елдеріміз арасында ынтымақтастықтың әлеуеті үлкен. Жан-жақты серіктестікті дамытудың көптеген мүмкіндіктері мен бағыттары бар. Қазақстан Сербияның өңірдегі негізгі және перспективті сауда әрі инвестициялық серіктесі болуға қауқарлы. 2015 жыл біздің өзара қарым-қатынасымыз үшін айрықша маңызды кезең. Қазақстан дипломатиялық өкілдігін Белградта ашып, Сербия азаматтары үшін визасыз режімді енгізді. Қазақстан ДСҰ мүшесі ретінде бизнес үшін қолайлы ортаны қолдау мен дамыту тұрғысында барлық күш-жігерін салуда», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, К. Мәсімов еліміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен табысты ынтымақтасып отырғандығын, бұл өз кезегінде халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибені енгізуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
«Қазақстанның мақсаты - отыз ең дамыған әлем елдерінің қатарына кіру. Бұл өз кезегінде біз индикаторлар мен инвестициялық тартымдылықты жақсартып, жетілдіру үшін барлық қажетті жұмыстарды атқаратындығымызды білдіреді», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр сербиялық бизнесті кәсіпкерлер үшін арнайы жасалған барша шаралар мен жеңілдіктерді пайдалануға шақырды. Бұл тұрғыда инфрақұрылымды, металлургиялық, мұнай-газ және химия кешенін, құрылыс материалдары өндірісін айтуға болады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ білім мен адами капиталды дамыту екі елдің ынтымақтастығын үдету үшін лайықты база бола алатындығын қадап айтты.
К. Мәсімов Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында жаңаратын энергия көздерін, инновациялық білімді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатқандығын айта келе, осы бағытта жаңа технологиялар мен білім, тәжірибе алмасу серіктестердің өзара іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асатындығын жеткізді.
«Біз Сербиямен ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықты көздеп отырмыз және бұл байланыстар әлемдік экономикадағы барлық сын-қатерлерге төтеп бере алады деген ойдамыз», - деді ол.