Қазақстан мен Сербия астаналары арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Сербия астаналары арасында тікелей әуе қатынасын қосу туралы келісімге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға сапары кезінде қол жеткізілді.

ұшақ
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Жоба ҚР Сыртқы істер министрлігінің және Сербиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен мүмкін болды.

«Астана мен Белград арасындағы тікелей рейстердің ашылуы Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Жаңа бағыт екі ел арасындағы бизнес, туризм және мәдени ынтымақтастық үшін жаңа жол ашады», – деп атап өтті ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Қазақстан мен Сербия арасында визасыз режим қолданылады. Ұшу ұзақтығы - 5 сағат 40 минут. Бұл бағыт бойынша жолаушылар тарапынан жоғары сұраныс күтілуде – алғашқы рейсте 92 жолаушы болды. 

Астана-Белград-Астана рейстері аптасына екі рет (дүйсенбі және бейсенбі) заманауи Boeing 737 ұшақтарымен орындалады.

Айта кетейік, Алматы мен Варшава арасында келер жылы тікелей рейс ашылады.

Соңғы жаңалықтар