21:40, 08 Шілде 2016 | GMT +5
Қазақстан мен Шри-Ланка визадан бас тарту туралы келісімге қол қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коломбода Үндістандағы ҚР Елшісі Болат Сәрсенбаев пен Шри Ланканың СІМ хатшысы Читрангани Вагисвара Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және жалпы азаматтық төлқұжаттардың иелерінен виза талап етуден босату туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Құжатқа ҚР Елшісі Б. Сәрсенбаевтың Шри-Ланкаға сапары барысында қол қойылды.
Сапар аясында елші мемлекеттік ресми тұлғалармен, сыртқы істер министрі Мангала Самаравеерамен, сауда және өнеркәсіп министрі Ришад Батиудинмен, ІІМ басшысы Ваджира Абейварданамен кездесулер өткізді. Кездесуде бірқатар мәселе талқыланды.
Шри Ланкалық тарап 2017-2018 жылдарына БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтады. Елші Шри Ланка үкіметіне Қазақстан кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын айтып, Қазақстан өзіне артылған үмітті ақтайтынын жеткізді.