Қазақстан мен Ұлыбритания Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды

АСТАНА 1 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Қазақстан мен Ұлыбритания Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды

«Ең әуелі менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға тұңғыш тарихи сапармен келгені үшін Ұлыбритания Премьер-Министрі Э. Кэмеронға шын алғысымды айтамын. Бұл сапар біздің өзара қарым-қатынастарымыздың тарихының жаңа парағын ашты деуге болады. Бүгін біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Ол ынтымақтастық әлеуетін ғана емес, қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығаруға деген екі мемлекеттің саяси ерік-жігерін де көрсетеді»,-деді Елбасы мәлімдемеге қол қою рәсімінен соң болған баспасөз мәслихатында.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында екі жақты іс-қимылдың барлық тетіктері мен қажетті тәсілдерін қолдана отырып, оларды жүзеге асыруға барынша күш салу тұрғысында Ұлыбритания Премьер-Министрін толық қолдағанын баса айтты.