11:52, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Үндістан фармацевтикалық өнімдер өндіретін бірлескен кәсіпорын құруға ықыласты
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан нарығында тұтынылатын Үндістан дәрі-дәрмектерінің ауқымын ұлғайту үшін біздің елімізде фармацевтикалық өнімдерді өндіретін бірлескен кәсіпорын құру қажет. Бүгін Астанада үндістандық әріптесі Ашвани Кумармен кездесуі барысында ҚР Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник осындай пікір білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үндістан өнімдерінің Қазақстандағы ауқымын кеңейту үшін дәрі-дәрмектерді мұнда жібергендеріңіз жеткіліксіз. Бірлескен кәсіпорындар құрып, үндістандық дәрілік препараттарды осында өндіру қажет. Біз Қазақстандағы Үндістан бизнесінің кеңейгенін қалаймыз», деді кездесуде В. Школьник. «Қазақстанның фарммединдустриясы» қауымдастығының президенті Серік Сұлтановтың айтуынша, бұдан бес жыл бұрын үндістандық дәрі-дәрмектердің Қазақстан нарығындағы үлесі 15-20 пайыз болса, қазір іс жүзінде ол екі есеге төмендеп кетті. Бұл ең алдымен дәрі-дәрмектерді сатуға ғана айрықша маңыз беріліп, бірлескен кәсіпорындарды құруға жіті көңіл бөлінбеумен байланысты. Босаған кеңістікті негізінен ресейлік дәрі-дәрмектер иемденген. Өз кезегінде А. Кумар Үндістан Қазақстанмен фармацевтика саласында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап көрсетті. «Мұндай бірлескен кәсіпорындар құру біздің елдер үшін, әсіресе фармацевтика саласы үшін пайдалы деп есептеймін. Екі ел арасындағы бұл саладағы ынтымақтастықты дамытуға ықыластымыз», деді үндістандық министр. Келіссөздер барысында тараптар болашақта фармацевтикалық өнеркәсіп саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті. ҚР Индустрия және сауда министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, А. Кумар бастаған үндістандық делегация ресми сапармен Қазақстанға Елбасының шақыртуы бойынша келіп отыр. Ресми тұлғалардан бөлек, делегацияның құрамына энергетика, мұнай-газ және фармацевтикалық өнеркәсіп салаларына маманданған жетекші компаниялардың басшыларымен қоса Үндістанның іскер топтарының өкілдері еніп отыр.