Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Венгрия Үкімет басшыларының қатысуымен бизнес форум өтеді

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең Қазақстан мен Венгрия бизнес-форумы өтеді. Оған екі елдің Үкімет басшылары қатысатыны күтіледі.

Қазақстан мен Венгрия Үкімет басшыларының қатысуымен бизнес форум өтеді

Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан-Венгрия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның үшінші отырысы барысында мәлім болды.  

Жиынды ашып сөз сөйлеген үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары аясындағы бизнес-делегацияның «салмағына» да назар аударған болатын. «Венгриялық бизнес делегация ертең қос елдің Премьер-Министрлерінің қатысуымен өтетін бизнес форумға атсалыспақ», - дей келе, министр, Қазақстанда инвестициялық капиталдың ағынына жағымды шарттар қалыптасқандығын атап өтті.

«Біз өзіміздің индустриялық-инновациялық саясатымыз шеңберінде отандық ғылыми қамтымды, экспортқа бағдарланған өндірістер жобасына  венгриялық бизнес қауымдастықтың қатысуын қолдаймыз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Венгрия Мемлекеттік хатшысы- Премьер-Министрі Әкімшілігінің Басшысы Михай Варга бастаған делегация мүшелерін 5-ші Астаналық экономикалық форумға шақырамын», - деді Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде үкіметаралық комиссияның тең төрағасы М. Варга бүгінгі екі елдің ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. «Екі ел арасындағы барлық мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отырғаны рас. Қазақстан мен Венгрия арасында 20 жыл бойы жағымды қарым-қатынас орнап келеді. Әрине, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін де біздің елдер арасында жақсы экономикалық байланыстар болды. Алайда, ол кезде басқа саяси жүйе еді. Дегенмен, біз өткен күнге қарамастан-ақ одан да жақсы мүмкіндіктерді аша отырып, жаңа белестерді бағындыруға шамамыз толық жетеді», - деді М. Варга.

Оның айтуынша, 2008 жылы Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда айналымы 500 млн. доллардан асқан. «Әрине, дағдарыстың аты дағдарыс. Алайда, біз дағдарысқа дейінгі межеге қол жеткізуіміз керек. Біздің Қазақстанға сапарымыздың басты мақсаты да осы», - деді ол.