Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы $1,7 млрд-тан асты
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Keidanren Жапония бизнес федерациясының делегациясымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Кездесуге Mitsui O.S.K. Lines компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Такеши Хашимото бастаған делегация қатысты.
Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін қарастырды. Аталған сапар аясында жалпы сомасы 3,7 млрд доллардан асатын 47 екіжақты коммерциялық құжатқа қол қойылған.
Олжас Бектенов Жапония Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 1,7 млрд доллардан асты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жапон капиталы қатысатын 68 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында INPEX, Marubeni, Sumitomo, Mitsui және басқа да компаниялар бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция сындарлы халықаралық әріптестікке ашық Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру бағытын бекітті. Бұл тұрғыда Жапониямен өзара іс-қимыл біз үшін ерекше маңызға ие. Біз сауда мен инвестицияларды кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар экономикаға жаңа технологиялар, заманауи өндірістер мен ұзақ мерзімді құзыреттер әкелетін бірлескен жобаларды іске қосуға мүдделіміз, – деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Mitsui O.S.K. Lines компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Такеши Хашимото Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мүмкіндік бар екенін айтты.
– Қазақстандағы цифрлық трансформацияның даму қарқыны ерекше әсер қалдыруда. Біз адами капиталды дамыту, оның ішінде IT және цифрлық трансформация салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау бағытында Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Жапон компаниялары цифрлық және логистикалық инфрақұрылымды дамытуда, сондай-ақ «жасыл» технологиялар саласында ынтымақтастықты кеңейтудің зор әлеуетін көріп отыр, – деді Такеши Хашимото.
Кездесу барысында Орта дәлізді дамыту, Каспий теңізінің порттық инфрақұрылымын жетілдіру, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект және өнеркәсіптік кооперация бағыттары талқыланды.
Қазақстан жапондық компаниялармен технологиялар трансферіне, өндірісті жергіліктендіруге және экономикалық өсудің жаңа бағыттарын қалыптастыруға арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Keidanren – Жапонияның ең ірі іскерлік бірлестіктерінің бірі. Оның құрамына 1574 компания, 106 салалық қауымдастық және 47 өңірлік экономикалық ұйым кіреді.
Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ ЖОО-лары ЖИ мен биотехнология саласында бірлескен жобаларды іске асырады.