Қазақстан мүддесін, тәуелсіздігін қорғаудың жаңа кезеңіне өтіп отырмыз - Нұрлан Оразалин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мүддесін, тәуелсіздігін қорғаудың жаңа кезеңіне өтіп отырмыз. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин осылай мәлім етті.
«Дүние тынышсыз, осы тынышсыз дүниенің кеңістігінде қазақ елінің тыныштығын сақтап, оның тәуелсіздік мұраттарын қорғау - бүгінде әрбір қазақстандықтың басты парызы. Соңғы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен съезінде Елбасымыз осы мәселеге қатты назар аударды. Мұнымен қоса, бес халықтық реформаның жай-жапсарын тағы да тереңдетіп, жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ сыртта түрлі себептермен жүрген, яғни біздің экономикамызға ықпалын жүргізе алмай жатқан қаражатты заңдастыру және басқа да мәселелерді талдай отырып, Елбасы Жолдаудағы түгел халыққа арналған пәрменді әрі қанатты ұсыныстарын тағы да тереңдетті. Міне, сол арқылы халыққа өте жетімді бағытта өз сөзін қазақстандықтарға арнады»,-деп тоқталды депутат.
Осы орайда ол бүгінде әлемдік дағдарыс жайлаған кезде елді дамытудың тетіктерін барынша жүзеге асыру керектігін, яғни Мемлекет басшысы атап өткен мақсат-міндеттерді орындауға күш салу қажет екенін атап өтті.
«Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы айналып келгенде елдің тұтастығын, мемлекеттің ішкі және сыртқы абыройы мен беделін қамтамасыз ету дегенге сайып келеді. Осының барлығы Елбасының кешегі партия съезіндегі баяндамасында жан-жақты толық және бес институционалды реформамыздың сала-саласы қалай атқарылатыны егжей-тегжейлі қамтылды. Атап айтқанда, бұл шаралар жауапты кезеңде бір атаның баласындай жұмылып, мүддемізді, тәуелсіздігімізді сақтаудың, қорғаудың жаңа кезеңіне өткендігімізді білдіреді»,-деп түйді Н. Оразалин.
Естеріңізге сала кетейік, 29 қаңтарда Астанада «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, «Қазақстан - 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар онда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді.