12:51, 08 Қазан 2013 | GMT +5
Қазақстан «мұнай қарғысынан» аман қалған ел - Испанияның бұрынғы Премьер-Министрі
АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан өзінің дара даму жолының арқасында «мұнай қарғысынан» аман қалды.

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан VIII KAZENERGY Еуразиялық форумы барысында Испанияның бұрынғы Премьер-Министрі Хосе Мария Ансар айтты.
«Тек бір ғана байлық көзімен дамып отырған елдің болшақты болжау көкжиегі өте тар болады. Алайда қазір көптеген мұнай өндіруші елдер жан-жақты энергия көздерін дамытудың нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Сол сияқты Қазақстан да өзінің көшбасшылығы арқасында «мұнай қарғысына» ұшыраған жоқ», - деп атап өтті ол.
Оның дәлелі ретінде мәртебелі мейман Қазақстанның аталмыш форумды ұйымдастырып қана қоймай, «жасыл экономикаға» белсенді түрде еніп келе жатқанын атады.
«Сонымен қатар Қазақстанның 2017 жылы ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруы да энергетика саласындағы озық ойлылығын көрсетеді», - деді ол.