Қазақстан мұнайдың төмен бағасы кезінде де экономиканы дамытудың сценарийіне дайын - Апталық шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Мәжіліс депутаттары ҚР Президентіне Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және кезектен тыс сайлау тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастамамен жүгінді. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуі мәтінін жария еткен депутат Нұрлан Әбдіров осылай деді.
«Дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс- әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді», - деді ол.
Депутат жария еткен үндеуде еліміздегі реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет екендігі айтылған. «Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Осы айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, біз Мемлекет басшысына, ҚР Президентінің 5-ші шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастамамен жүгінеміз», - деді үндеуді жариялаған Н.Әбдіров.
Депутат жария еткен үндеуде қазір де Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты жоспарлары бар екендігі айтылған.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұруы жөнінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты Ұлт жоспары бар. Бүгін кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланысты қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз, 5-ші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа тағайындау сайлау туралы бастама көтереміз», - деді үндеуді жариялаған Н.Әбдіров.
Әлеуметтік сала шығыстары қысқартылмайды
Бүгін ҚР Үкіметі мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, онда 2015 жылда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. «Жақындап келе жатқан дағдарыс құбылыстарына қарсы шара ретінде Елбасы 2014 жылдың өзінде-ақ инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жария етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет экономика өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар жоспарын және ерекше кезең жоспарын қабылдады. Осы шаралардың арқасында, алдын ала деректерге сәйкес, Қазақстан экономикасының өсімі 2015 жылы 1,2 пайызды құрады», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Оның атап өтуінше, негізгі капиталға инвестициялар бірінші кезекте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 3,7 пайызға өскен. «Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан әлеуметтік саладағы ахуал тұрақты болып қалуда. Өткен жылы жұмыссыздық бес пайыз деңгейінде болды», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Үкімет мүшелері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік сала шығыстары еш қысқартылмайтындығын баса атап өтті.
Ағымдағы жылдан бастап қосымша шараларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға арналған арнайы қор бөлінеді. 2016 жылы арнайы қорға 225,5 млрд. теңге сомасында қаржы бөлу жоспарланған..
Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, аталған қаржы жұмыспен қамту шараларын қолдауға, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржыландыруға және басқа да шараларға жұмсалатын болады.
Атап айтқанда, ҚР Үкіметі мұнайдың барреліне 20 доллар бағамы кезінде экономиканы дамытудың сценарийін әзірледі.
«Үкімет барлық мәселені назарда ұстап отыр. Мұнай бағамы барреліне 30 доллар, 20 доллар және одан төмен болған жағдайда сценарийлерді жүзеге асыруды қарастыру кезеңіндеміз. Сондықтан бізде қаржыландыру бойынша ешқандай қауіп жоқ»,-деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Бүгінде бюджеттің шығыс бөлігі айтарлықтай оңтайландырылды және бұл өз кезегінде экономиканың дамуына мүмкіндік береді.
«Шығыстардың негізгі бөлігі - әлеуметтік төлемдер. 2015 жылға қарағанда 2016 жылы оның үлесі 39 пайыздан 40 пайызға дейін өсті. Әрине, мемлекеттік аппаратқа қатысты бөлікті оңтайландыру бойынша белгілі бір резервтер бар, алайда ешқандай да әлеуметтік міндеттемелер қысқартуға жатпайды»,-деді ведомство басшысы.
Мұнымен қоса ол бүгінде әлемдік үдерістердің еліміздің экономикасына ықпалын тыңғылықты зерделеу керектігін сөз етті.
«Біз алдағы аптада экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында талқылаулар өткіземіз. Бұл тұрғыда сценарийді қашан, қай мерзімді жүзеге асырудың нақты шешімі әзірленеді»,-деді Б. Сұлтанов.
Министр Үкіметтің шығыстарын қаржыландыру бағытында бүгінде ешқандай да проблемалар жоқ екенін қадап айтты.
«1 млрд. доллар көлеміндегі қаржы 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында игеріледі. Бізде қарызға алу аясында зейнетақы қорының ресурстары бар, кепілдендірілген трансферттер мен ағымдағы түсімдер қамтылған. Сондықтан да қаңтарға 700 млрд. теңгеге тарта жоспар тұрғысында осы шығыстардың жартысын еш проблемасыз қаржыландырдық»,-деп түйді министр.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаттары қайда жұмсалатыны ақпан айында анықталатынын мәлімдеді.
«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ұлттық Қорды басқару мен БЖЗҚ басқару кеңестері біріктірілді. Зейнетақы қорындағы қаражаттарды қайда инвестициялау қажеттігі туралы шешім көп ұзамай қабылданады. Меніңше, бұндай шешім ақпанда орын алуы мүмкін. Сол кезде кеңес отырысы өтеді. Онда Ұлттық банк пен Үкімет 2016 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаттарын қайда бағыттау керектігін анықтайтын болады», -деді ол.
Атап айтқанда, бұл сауал жаңа жылға дейін де бірнеше мәрте қаралған болатын.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен екінші деңгейлі банктердің теңге ликвидтілігін қолдау бойынша ұсыныстары мен қайда инвестициялау қажеттігі туралы мәселелер талқыланды. Себебі ол - Үкіметтің, Ұлттық банктің қаражаты емес, біздің зейнеткерлеріміздің, xалқымыздың ақшасы. Сондықтан, инвестициялардың міндетті табысы жеткілікті деңгейде болуы тиіс. Екінші мәселе, оның қауіпсіздігі. Сол себепті бұл мәселеде өте салмақты шешім шығаруға тырысамыз. Экономиканың нақты секторларын қаржыландыру мүмкіндіктері едәуір үлкен. Ұлттық банкпен жұмыс жалғасуда. Біз барлық аймақтардан барлық ұсыныстарды жинадық. Қазіргі уақытта жобаларға зейнетақы қорынан бөлінетін қаражат көлемі анықталып жатыр», - деп атап өтті министр.
Білікті мемлекеттік қызметкерлер ынталандырылады
Өтіп бара жатқан бұл аптадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жауапты хатшысы Саян Ахметжанов мемлекеттік органның қажетті міндеттерін атқаруға байланысты қосымша уақытын бөлген мемлекеттік қызметкерге бонус немесе басқа төлемдер көзделгенін мәлімдеді.
Баспасөз мәслихаты барысында жауапты хатшыға «мемлекеттік қызметкерлер көбінесе жұмыс орнында қызметін түнге шейін атқаратындығына байланысты оларға бонустар қарастырыла ма?» деген сауал қойылды.
«Жаңа реформаның, заңнаманың қағидаттарына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің ең біріншіден әлеуметтік жеке құқықтары сақталуда. Ол еңбек нормаларына сай қосымша мемлекеттік органның қажетті міндеттерін атқаруға байланысты уақытын бөлгеніне қосымша бонус ретінде немесе басқа төлемдер көзделген», -деді С. Ахметжанов. Оның сөзіне қарағанда, осы мәселе бойынша жаңа еңбек төлем жүйесі әзірленуде. «Ол 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді»,-деді.
Сонымен қатар жауапты хатшы «Б» корпусының басқару деңгейі үшін ротация институты енгізіліп жатқандығына тоқталды. Егер де бұрындары ротация «А» басқарушы корпусына ғана қатысты болса, енді бұл элементтер «Б» басқарушы корпусы үшін жаңа модельге енгізілді.
Белгілі болғандай, мемлекеттік қызметкерлер үшін ротация үш жылда бір рет өткізіліп тұрады. Егер де басшы немесе мемлекеттік қызметкер лауазымында жұмысын жалғастырғысы келсе, онда бұл мерзім тағы үш жылға ұзартылады. Екінші мерзім аяқталғаннан кейін, ол міндетті ротацияға жатқызылады немесе басқа қызметке қызметке ауыстырылады, сондай-ақ олай болмаған жағдайда жұмысынан босатылады.
Сонымен қатар С. Ахметжанов әлеуметтік қорғау шаралары да ескерілетінін атап өтті. «Дәлелді себептер бойынша мемлекеттік қызметкерлердің (жалғыз басты ана, қарауында мүгедек балалары бар ата-аналар) өтініші ескеріледі және олар ротациямен қамтылмайды»,-деді ол.