Қазақстан Оңтүстік Кореяға табиғи уран жеткізуді қайта бастайды – Мұрат Нұртілеу

мұрат нұртілеу
Фото: t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Оңтүстік Кореяға табиғи уран жеткізуді қайта бастайды. Бұл туралы «Орталық Азия – Корея Республикасы» 16-ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Kazinform.

«Сөз соңында өзара іс-қимылымыздың қосымша жан-жақты пайымдауды қажет ететін кейбір маңызды аспектісіне назар аударғым келеді. Кейінгі бірнеше жылда біздің сауда-экономикалық байланыстарымызда оң үрдіс байқалғанынан бастайын. Орталық Азияның Оңтүстік Кореямен сауда көлемі 2022 жылы оң динамиканы көрсетіп, шамамен 8 млрд долларды құрады. Осы тауар айналымының 70 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Оңтүстік Корея тұрақты түрде біздің экономикамыздағы ең ірі 10 инвестордың қатарына кіреді», - деді Мұрат Нұртілеу. 

Қазақстан Сыртқы істер министрі бүгінде елімізде автомобиль жасау, жаңа озық технологиялар мен білім беру, энергетика, медицина сынды салаларда 2 млрд доллар сомасына 30-ға жуық ауқымды инвестициялық жоба бар екенін атап өтті. Сонымен қатар көмірсутек шикізатын жеткізу саласында да үлкен перспективалар барын тілге тиек етті.  

Оның дерегінше, Өткен жылы Оңтүстік Кореяға қазақстандық мұнайдың жеткізілімі 2 еседен өсті. Биыл 8 айда бұл көрсеткіш 4,6 млн тоннаға дейін артты. 

«Бұған қоса, келешекте Қазақстан Оңтүстік Кореяға табиғи уранды ұзақ мерзімді жеткізуді қайта бастайды. Сонымен қатар біз Оңтүстік Кореяға мұнай химиясы, металлургия, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайынбыз. Өңірдегі көршілеріміздің де өз резервтері бар екеніне сенімдімін. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, форумның келесі отырысының күн тәртібіне энергетика, ауыл шаруашылығы және сирек металдар сияқты басым бағыттарды енгізуді ұсынамын», - деп түйіндеді сөзін Мұрат Нұртілеу. 

Соңғы жаңалықтар