Қазақстан ОПЕК+ елдерімен бірге тамызда мұнай өндіру көлемін арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман 2026 жылғы тамыздан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдады.
ОПЕК-тің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, 2023 жылдың сәуірі мен қарашасында мұнай өндіруге қосымша ерікті шектеу енгізген жеті мемлекет — Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман 2026 жылғы 5 шілдеде бейнеконференция форматында кездесу өткізді. Тараптар әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі ахуал мен алдағы жоспараларын талқылады.
— Мұнай нарығының тұрақтылығын қолдау жөніндегі ұжымдық міндеттеме аясында жеті қатысушы ел 2023 жылғы сәуірде жарияланған қосымша ерікті түзетулермен салыстырғанда өндіріс көлемін тәулігіне 188 мың баррельге түзету туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс келісілген кестеге сәйкес 2026 жылдың тамыз айынан бастап күшіне енеді, — делінген хабарламада.
2023 жылғы сәуірде жарияланған қосымша ерікті шектеулер нарықтағы жағдайға қарай ішінара немесе толықтай жойылып кетуі мүмкін. Бұл жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ қатысушы елдер мұнай нарығындағы жағдайды мұқият бақылап, ондағы өзгерістерді тұрақты түрде бағалай береді.
ОПЕК+ құрамындағы жеті мемлекет бұл шешім қатысушы елдердің өтемақы міндеттемелерін орындау қарқынын жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар олар 2024 жылдың қаңтарынан бері белгіленген көлемнен артық өндірілген мұнайдың барлығын толық өтейтінін тағы бір мәрте растады.
ОПЕК сайтында жарияланған кестеге сәйкес, Қазақстан тамыз айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 10 мың баррельге арттыруды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде елдегі тәуліктік мұнай өндіру көлемі 1,618 млн баррельге жетпек.
Нарықтағы ахуал, келісімдердің орындалуы және өтемақы міндеттемелерінің жүзеге асырылу барысы талқыланатын ОПЕК+ құрамындағы жеті елдің келесі кездесуі 2026 жылғы 2 тамызда өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Әлемдік мұнай нарығындағы өзгерістерді жазған едік.