Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы дамудың жаңа кезеңінде тұр - Өзбекстан Елшісі

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан-Өзбекстан: дипломатиялық қатынастың орнауына 20 жыл» атты халықаралық ғылыми конферецияда Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Алишер Салахитдинов айтты.
«Қазақстан біз үшін ең жақын бауырлас ел. Уақыт сынынан өткен дос және сенімді серіктес. Қазақ-өзбек халықтары бір бәйтеректің қос бұтағы іспеттес көпғасырлық тарихы мен төл мәдениеті тамырлас елдер. Қазір екіжақты қарым-қатынас мемлекет басшыларының саяси еркінің нәтижесінде өз дамуының жаңа кезеңінде тұр», - дейді А.Салахитдинов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметовтың Өзбекстанға ресми сапары жоспарлануда. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық және халықаралық саясатта біртұтас ұстанымда және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, тұрақтылық пен орнықты дамуда және Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдалануда ортақ пікірде. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық ұйымдарға белсенді қатынасып, бір-біріне өзара қолдау көрсетеді.