Қазақстан Пәкістанды достас ел және стратегиялық серіктес деп санайды - Президент

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне сұхбат берді.

и
Фото: Ақорда

– Қазақстан Пәкістанды достас ел және халықаралық қоғамдастықта беделі биік стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бері ортақ мүддемізге сай келетін бірқатар мәселе мен жобалар бойынша табысты әрекет етіп келеміз. Мемлекеттеріміз ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК секілді маңызды халықаралық ұйымдар аясында тығыз әрі жемісті ықпалдастықты жолға қойды. Осылайша, біз жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ орнықты дамуға үлес қосамыз. Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапарым серіктестік көкжиегін кеңейтіп, өзара байланыс тарихының жаңа кезеңіне бастау болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент Сапар барысында қол қойылған 60-тан астам үкіметаралық және іскерлік келісім екіжақты ынтымақтастыққа зор серпін беретінін айтты. Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да секторлар экономикалық ынтымақтастығымыздың басым бағыттары саналады.

- Мен екі елдің компаниялары бірлескен кәсіпорындар құрып, тиімді жобаларды жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Оған мүмкіндік мол. Біз өзара сауда-саттығымызды кеңейтуге ерекше назар аударып отырмыз, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды.

 

Соңғы жаңалықтар