Қазақстан PerplexityPro жүйесін тегін қолданады: Бұл ЖОО мен мемлекеттік басқаруға не береді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жақында АҚШ-тың Perplexity AI, Inc. компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында қазақстандықтар бір жыл бойы Perplexity Pro жүйесін тегін қолдана алады. Бұл тек қана сенімді дереккөздерге негізделген ЖИ базасындағы іздеу қызметін қолдануға мүмкіндік береді. Бұл сервис студенттерге, оқытушыларға және мемлекеттік қызметкерлерге қандай артықшылық береді — келісімнің бастамашысы әрі үйлестірушісі, Astana IT University ректорының міндетін атқарушы Әлтайыр Ахметов Kazinform тілшісімен сұхбатта айтып берді.

и.о. ректора Astana IT University
Фото: Әлтайыр Ахметовтің жеке мұрағатынан

— Неліктен Astana IT университеті Perplexity AI компаниясымен келісімге келіп, қазақстандық пайдаланушыларды, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдарды жүйеге қосуды ұйғарды?

— Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект саласында мамандандырылған зерттеу университетін құру маңызды екенін атап өтті. Осы стратегиялық бағытты және білім мен ғылымдағы генеративті ЖИ-дің зор әлеуетін ескере отырып, біз Astana IT университетінде саланың жетекші компанияларымен және мамандарымен халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін іздей бастадық.

Осылайша технологиялық тұрғыдан ең озық әрі қарқынды дамып келе жатқан платформалардың бірі — Perplexity компаниясына назар аудардық. Бұл компания жоғары технологиялық деңгеймен қатар, ашық ғылыми әріптестікке дайын екенін көрсетті. Сондықтан біз компанияға университет аясынан да асып түсетін, тұтас елдегі ғылыми және білім беру мекемелерімен кең көлемді ынтымақтастық негізін қалауға мүмкіндік беретін серіктестік форматын ұсындық.

Біздің мақсатымыз — Қазақстанның университеттері жасанды интеллект саласындағы дайын шешімдерді тек тұтынушы ретінде ғана емес, оларды дамыту мен білім беру міндеттеріне бейімдеу процесіне белсенді қатысушы бола алатын экожүйе құру. Біз студенттер, оқытушылар және зерттеушілер ең заманауи құралдарға қол жеткізіп, жасанды интеллектінің болашағын қалыптастырып жатқан жаһандық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігіне айналғанын қалаймыз.

— Perplexity AI қазіргі жаһандық нарықтағы бірегей өнім саналуының сыры неде? Ол басқа іздеу жүйелерінен нақты несімен ерекшеленеді?

— Әрине, Perplexity-дің ChatGPT, Gemini немесе Copilot сияқты бәсекелестері бар. Алайда оның негізгі айырмашылығы өнімнің тұжырымдамасында жатыр. Perplexity — заманауи іздеу жүйесі, ол генеративті жасанды интеллектінің, іздеу мен деректерді талдау мүмкіндіктерін бір кеңістікте біріктіреді.

Дәстүрлі іздеу жүйелері жай ғана сілтемелер тізімін ұсынса, Perplexity бірден кеңейтілген және аналитикалық тұрғыдан негізделген жауап қалыптастырады әрі ол сенімді дереккөздерге сүйенеді. Сонымен бірге, әрбір мәлімет түпнұсқа дереккөздерге тікелей сілтемелермен беріледі, бұл өз кезегінде ашықтықты, академиялық дәлдікті және деректерді тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Perplexity-дің басты артықшылықтары мыналар:

  • Ақпараттың ашықтығы мен тексеру мүмкіндігі, пайдаланушылар деректердің қай дереккөзден алынғанын нақты көре алады;
  • Өзектілігі, жүйе нақты уақыт режимінде веб-жаңартуларды пайдаланады, бұл ғылыми және зерттеу жобалары үшін аса маңызды;
  • Мәтін, графиктер, жарияланымдар секілді деректердің түрлі форматтарын біріктіреді, бұл тереңірек іздеуге мүмкіндік береді.

Негізгі екпін аналитикада болады, яғни шығармашылық контент генерациясына емес, деректерді талдау мен түсіндіруге бағытталған, бұл Perplexity-ді ғылыми және білім беру салаларында ерекше құнды құрал етеді.

Сондықтан қазіргі уақытта Perplexity жүйесін AI-powered search engine — яғни жасанды интеллект негізіндегі іздеу жүйесі деп атайды. Әсіресе академиялық, ғылыми және білім беру ортада дәлдік, ашықтық пен сенімділік талап етілетін жағдайларда оны дәстүрлі Google сияқты іздеу жүйелеріне зияткерлік балама, тиімді көмекші ретінде қарастырады.

— Техникалық тұрғыдан қолжетімділік қалай жүзеге асырылады? Қазақстандықтар жай ғана тіркеліп, бірден Perplexity Pro қызметін пайдалана ала ма?

— Бұған дейін айтқанымдай, біздің Perplexity AI компаниясымен ынтымақтастығымыз бір университеттің аясынан да кең және ол іс жүзінде ұлттық деңгейдегі жоба саналады. Меморандумға қол қойылған соң, біз жобаны әрі қарай іске асыруды пысықтап жатырмыз.

Келісім бірнеше серіктестің қатысуымен жасалғандықтан платформаға техникалық қолжетімділікті қамтамасыз етумен тиісті мемлекеттік органдар айналысуы мүмкін, бұл өз кезегінде процесті бір орталықтан әрі пайдаланушылар үшін ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.

Оған қоса, интернет қолжетімді кез келген адам Perplexity Pro мүмкіндіктерін толық пайдалана алатынын ерекше атап өткім келеді.

Казахстанцы смогут бесплатно пользоваться Perplexity Pro один год
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

— Perplexity Pro қызметінде қазақстандықтарға нақты не қолжетімді болады? Оған сурет генерациясы, дереккөздермен кеңейтілген жұмыс немесе талдау функциялары кіре ме?

— Perplexity Pro — зерттеу, білім беру және аналитикалық міндеттерге бағытталған кеңейтілген мүмкіндіктер топтамасы. Пайдаланушылар платформадағы негізгі функцияларға қол жеткізе алады, оның ішінде дереккөздермен және дәйексөздермен жұмыс, кеңейтілген аналитикалық режимдер (белгілі бір тақырып бойынша қорытынды шолуларды, құрылымдалған тұжырымдарды және автоматтандырылған әдеби шолуларды жасауға көмектеседі), түрлі контент форматтарымен жұмыс істеу мүмкіндігі (құжаттар, PDF-файлдар, суреттер), көбірек лимиттер мен жылдамдық, сондай-ақ визуалды контент генерациясы бар.

— Сіз Perplexity Pro барлық азаматтарға жасы мен мәртебесіне қарамастан қолжетімді болатынын айттыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл құрал кімге пайдалырақ болады?

— Perplexity Pro барлық азаматқа қолжетімді, әйтсе де студенттерге, оқытушыларға және зерттеушілерге көбірек пайдасын тиеді. Бұл платформа олардың академиялық зерттеулер жүргізуіне, материалдар дайындауға, әдебиетті талдауға және жасанды интеллектіні қолданып жобалар жасауына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, Perplexity Pro кәсіпкерлерге, мамандарға және үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істейтін әрбір адамға пайдалы болуы мүмкін. Себебі генеративті жасанды интеллект, аналитика және дереккөздерді біріктіру талдау процесін жеделдетуге, қорытындылар жасауға және тексерілген деректерге сүйеніп шешім қабылдауға көмектеседі.

Жалпы алғанда, бұл құрал қызмет түріне қарамастан цифрлық дағдыларды дамытуға және ақпаратпен жаңа деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

— Құрылып жатқан R& D (зерттеу мен әзірлеу) орталығы туралы толығырақ айтып беріңізші, ол қандай мақсаттарды көздейді және қандай міндеттер атқарады?

— Astana IT University пен Perplexity AI екі негізгі бағытта ынтымақтаса алады. Біріншіден, Perplexity AITU мен Қазақстанның басқа да университеттерін өзінің ғаламдық бета-тестілеу бағдарламасына қосу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл қазақстандық зерттеушілер мен студенттерге платформаның жаңа функциялары мен құралдарына алғашқылардың қатарында қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оған қоса, тараптар AITU базасында жергілікті Perplexity R& D зерттеу орталығын құру мүмкіндігін зерттеп жатыр, ол жасанды интеллект саласындағы бірлескен ғылыми жобалар мен технологиялық әзірлемелер алаңы болады.

Екіншіден, серіктестік аясында Қазақстан университеттері Perplexity технологияларын білім беру бағдарламаларына, зерттеу лабораторияларына және инновациялық бастамаларға интеграциялай алады. Бұл генеративті ЖИ озық шешімдерін білім беру, ғылыми зерттеулер жүргізу және академиялық ортаға цифрлық технологияларды енгізу үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Осылайша, ынтымақтастық Қазақстан мен жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі арасында ғылыми және білім берудегі өзара іс-әрекетті құруға бағытталған.

— Бұл жазылым мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары үшін қолайлы деп айтуға бола ма? Мұны жазылымның бөлек форматы деуге бола ма?

— Иә, Perplexity Pro мемлекеттік органдарға да пайдалы, себебі олар үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істейді және шешімдерді аналитикаға сүйене отырып қабылдайды. Бүгінде біз барлық салаларды, соның ішінде мемлекеттік басқаруды да цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз және мұндай құралдар ақпарат пен технологияны тиімді пайдалануға көмектеседі.

Біздің университетте де осы бағытты дамытып жатырмыз: биылдан бастап Цифрлық мемлекеттік басқару мектебі жұмыс істейді, онда жаңа типтегі мамандар — цифрлық басқарушылар даярланады. Сондықтан бұл платформа оқыту және кәсіби бағдарламалар үшін, әсіресе IT мамандарымен қатар қосалқы мамандарды дайындайтын бағдарламалар үшін айрықша пайдалы болады.

— 2025-2027 жылдарға арналған мақсатты көрсеткіштер бойынша осы келісімнен не күтіп отырсыз?

— 2025-2027 жылдары Perplexity AI-пен ынтымақтастық бірнеше негізгі бағытта нақты нәтижелер әкеледі деп күтеміз. Біріншіден, Astana IT University базасында жергілікті Perplexity R& D зерттеу орталығы құрылып, іске қосылады. Ол бірлескен ғылыми жобалар, эксперименттер және генеративті ЖИ мен цифрлық технологиялар саласындағы инновациялық шешімдерді енгізу алаңы болады.

Екіншіден, Perplexity технологияларын университеттің және Қазақстандағы басқа ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларына, лабораторияларына және зерттеу бастамаларына интеграциялаймыз. Бұл студенттерге, оқытушыларға және зерттеушілерге деректерді талдау, академиялық материалдар дайындау және зерттеу жұмыстарын әлемдік деңгейде жүргізу мүмкіндігін береді.

Сонымен қатар, біз студенттер, ғылыми қызметкерлер және мемлекеттік мамандар арасында платформаның қатысушылары мен пайдаланушыларының санын арттыруға үміттенеміз. Бұл жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ұлттық қабілеттер экожүйесін қалыптастырады.

Жалпы, келісімнің мақсаты тек технологияны енгізу ғана емес, ғылым, білім беру және жаңа типтегі мамандарды даярлау үшін тұрақты платформа құру, сонда ғана олар жасанды интеллектпен ғаламдық стандарттар деңгейінде жұмыс істей алады.

Айта кетейік, жасанды интеллектіні қолдану бойынша 300 мыңға жуық педагог тегін курстан өтті.

Соңғы жаңалықтар