Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Президенті Ресеймен арада білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сириус» жобасын қолдайтынын және оның болашақ кадрларды даярлаудағы маңыздылығын атап өтті.

Тоқаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Елдеріміз білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында табысты ынтымақтастық орнатты. Әрине, осы байланыстар халықтарымыздың одан әрі жақындасуына ықпал етеді. Жуырда Астанада қала тұрғындары мен қонақтары ерекше ықыласпен қабылдаған Қазақстандағы Ресей күндері өтті. Маңызды уақиғалар қатарында былтыр елордада «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы» және Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығы скверінің ашылуын айтуға болады. Астанада өтетін үшінші «Болашақ ойындары» гуманитарлық байланыстардың, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы ынтымақтастықтың беки түсуіне ықпал етеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында

 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Сириус» жобасына тоқталды.

- Қазақстандағы «Сириус» жобасын ерекше атап өткім келеді. Мұны қолдаймын, болашақ мамандарды даярлау үшін пайдасы зор деп санаймын, - деді Президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Алматы мен Астанада тиісті нысандардың құрылысы басталатынын атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.