10:28, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Президенті Давоста бірқатар кездесулер өткізді
ДАВОС. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Дүниежүзілік экономикалық форумның 39-шы сессиясы аясында қазақстандық делегацияның жұмыс бағдарламасы өте толымды болды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейресми жағдайда бірқатар мемлекеттің басшыларымен кездесулер өткізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың бағыттарын анықтап, көзбе-көз жағдайда түрлі проблемаларды талқылай алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Давос форумы деген атпен танымал Дүниежүзілік экономикалық форум штаб-пәтері Женевада орналасқан үлкен халықаралық үкіметтік емес ұйым болып табылады.«Дағдарыстан кейінгі әлемді қалыптастыру» атты тақырыпта өтіп жатқан Форум көптеген мемлекет және үкімет басшыларының басын қосып отыр. Биылғы саммитке қатысушылардың қатарында Қытай Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Вэнь Цзябао, РФ Үкіметінің төрағасы Владимир Путин, ГФР Канцлері Ангела Меркель, МАГАТЭ басшысы Мохаммад Әл-Барадей, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және басқа әлемнің 96 елінен өкілдер келіп отыр.Форумның ерекшелігі сол, ол директивалық мазмұнға ие емес. Форум саяси және іскерлік элита өкілдері өз ойларын ортаға салатын, қарым-қатынастар орнататын алаң іспетті. Мысалы, бір топ шетелдік компанияның өкілдері Қазақстан Президентімен бизнес-ертеңгілік асқа жазылды. Ниеттілер көп болғандықтан, шақырылғандардың тізімін 32 адаммен шектеуге тура келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ертеңгілік ас үстінде энергетика, мұнай химиясы және инвестициялар нарығындағы "Альпинвест Партнерс" (Нидерланды), "Северсталь" (Ресей), "АБРААЖ Капитал" (БАӘ), "Зе Блакстоун Групп" (АҚШ), "Даэсанг Групп" (Корея Республикасы), "Мубадала Девелопмент" (БАЭ) сияқты және басқа да еліміз нарығында белсенді жұмыс жасап жатқан ірі әлемдік компаниялардың басшыларымен кездесті.Кездесуге сондай-ақ Майкл Портер (Стратегия және бәсекелестік институтының өкілі, Гарвард бизнес мектебі) және Джордж Сорос («Сорос фанд менеджмент» компаниясының төрағасы) сияқты танымал американ экономистері мен қаржыгерлері қатысты. Мемлекет басшысы оларға Қазақстанның жоспарлары, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы туралы әңгімелеп берді. Қазақстандық тараптан тікелей шетелдік инвестицияларға, металлургия, ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, мұнай-газ машиналарын жасау және экономиканың басқа да салаларында өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік білдірілді.
Қазақстан тарапы өз кезегінде, әлемдік дағдарысқа қарамастан «республиканың экономиканы тұрақтандыру жөніндегі стратегиясы бар екенін» айта келе, «біз келешекті ойлаймыз, дағдарыс мәңгілік емес», деп кездесуді түйіндеді. Кездесу пікір алысу тұрғысында өтті, оның қорытындысы бойынша қатысушылар ҚР министрліктерімен, ведомстволарымен және әкімдіктермен байланысты жолға қою үшін Астанада кездесуге уағдаласты. Форум аясында Елбасы сондай-ақ Іскерлік өзара с-қимылдар тобы форматындағы Қазақстан бойынша сессияға және «Мұнай мен газ геосаясаты және өтпелі кезеңдегі карта» тақырыбына арналған Энергетикалық саммиті сессиясына қатысты, бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. «Тиволи Лодж» резиденциясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Йорк герцогы бекзада Эндрюмен кездесіп, әңгіме барысында Ұлыбритания корольдігі отбасы мүшесінің Біріккен Корольдік пен Қазақстан Республикасы арасында достық қарым-қатынастарды орнатудағы үлкен рөлін атап өтті. Қазақстан-Британ қоғамы мен Қазақстан-Британ техникалық университетіне көрсеткен қолдауы үшін бекзадаға алғыс білдірді. Қазақстан-Британ техникалық университеті - студенттеріне оқудағы жетістіктері үшін жыл сайын 2 мың доллар көлемінде бекзада Эндрюдің атаулы стипендиясы табыс етілетін жалғыз оқу орны. Елбасы біздің еліміздің Ұлыбританиямен ынтымақтастықты дамытуға деген талпынысын атап көрсетті. Қазақстандағы британ инвестициясы 12 миллиард долларды құрайды.
Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Переспен кездесуде Қазақстан басшысы еліміздің екіжақты экономикалық ынтымақтастықты және әлемдік саясаттың маңызды проблемаларын шешу жөніндегі өзара ықпалдастықты жандандыруға мүдделі екендігін атап көрсетті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Түркия Премьер-министрі Реджеп Эрдоғанмен бейресми кездесу өткізді. Әңгіме барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту мәселесіне айрықша мән берілді.Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық Қайта құру және Даму банкінің президенті Томас Мировты қабылдады. Кездесуде Еуропалық банктің Қазақстанда жүзеге асыратын инвестициялық жобаларының перспективасы талқыланды.Қазақстан делегациясының құрамына кірген ресми тұлғалар да екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, вице-премьер Ербол Орынбаев «Alcoa ink» және «Геленкор интернешнл» компанияларының өкілдерімен Қазақстанда алюминий өндіруші зауыт салу жобасын талқылады.