Қазақстан Президенті «Хайнань» провинциясының құрметті азаматы» атағына ие болды
САНЬЯ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары ауқымында Бейжіңде болу бағдарламасы аяқталғаннан кейін Оңтүстік-Қытай теңізіндегі Хайнань аралдық провинциясына келді.
ҚазАқпарат тілішісінің хабарлауынша, Хайнань провинциясында Н.Назарбаевтың ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Вэнь Цзябаомен кездесуі және сәуірдің 18-інде Боао азиялық форумының отырысына қатысуы жоспарланған. Осы шаралардың қарсаңында Мемлекет басшысына «Хайнань провинциясының құрметті азаматы» атағы берілгені туралы жағымды оқиға болды. ҚР Президентіне провинцияның губернаторы Ло Баомин салтанатты жағдайды тиісті сертификатты тапсырды, бұдан кейін Қытай Компартиясы Хайнань провинциялық комитетінің хатшысы Вэй Лючен Н.Назарбаевқа «Достық кілтін» табыс етті. Хайнань провинциясы Қытайдағы бірегей тропикалық климатымен ерекшеленеді, оның арнайы экономикалық аймақ мәртебесі бар және неғұрлым серпінді дамып келе жатқан халықаралық туризм орталықтарының бірі. Соңғы кезге дейін «Құрметті азамат» атағын беру дәстүрге айналмаған болатын, бірақ та әлемде осы курорттық аймақтың өсе түсіп отырған беделін ескере отырып, шетелдік мемлекеттер басшылары мен сол елдердің бауырлас аймақтарының жетекшілеріне осындай атақ беруді дәстүрге айналдыру ұйғарылды. Осы провинцияда және бүкіл Қытайда беделі зор Н.Назарбаев осындай атаққа ие болған алғашқы шетелдік көшбасшы болды. Мемлекет басшысы жауап сөзінде құрметті атақ берілгені үшін алғыс айта отырып, әлемдік тропикалық курорттардың ішінде ерекше орны бар Хайнаньға қатысты жылы лебізін білдірді. Қазақстандық басшы жергілікті басшылықты және тұрғындарын жақында ғана аталып өткен Хайнань провинциясы құрылуының 21 жылдығымен құттықтады. Н.Назарбаев сонымен қатар Хайнаньның соңғы онжылдықтардағы жетістіктері елдің орталық басшылығының реформа мен ашықтық саясатын дәйекті жүргізуінің арқасында мүмкін болғанын атап көрсетті.