18:16, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың сапары қазақстан-үнді қарым-қатынастарының стратегиялық маңызын білдіреді ? Үндістан елшісі
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың сапары қазақстан-үнді қарым-қатынастарының стратегиялық маңызын білдіреді.

Бүгін Астанадағы халықаралық баспасөз орталығында өткен «Үндістан ? Қазақстан: ынтымақтастық келешегі» атты баспасөз мәслихатында Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Саджанхар осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Елбасы Н. Назарбаев алдағы уақытта мемлекеттік сапармен Үндістан Республикасына баратын болады. Сапар барысында ҚР Президенті осы елдің ресми басшылығымен кездесулер өткізіп, Үндістанның Республика Күні мерекесіне арналған салтанатты шараларға басты құрметті қонақ ретінде қатысады. «Республика күні мерекесіне орай, ел басшылықтары мен құрметті қонақтардың алдында әскери шеру өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл шеру барысында үнді ауыр әскери техникаларының салтанатты саппен көрсетілуі, әскери әуе күштерінің ұшақтарды басқарып жасайтын өнерлері тамашаланатын болады. Ел Президенті, Үкімет басшыларымен бірге осы салтанатты Н. Назарбаев та тамашалайтын болады. Жалпы, Елбасының бұл сапары қазақстан-үнді қарым қатынастарының стратегиялық маңызын әрі екі мемлекет арасындағы байланыстардың кеңейіп, нығая түскендігін білдіреді. Бұл Н. Назарбаевтың Үндістанға төртінші мәрте сапар жасауы болып отыр, сондықтан да біз ҚР Президентімен өз елімізде тағы да кездесуге зор қуаныш білдіреміз», деді Елші.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің сапары барысында екі мемлекеттің энергия көздері бойынша экономикалық әріптестік мәселелері талқыланатыны белгілі болды. Бұл мәселелердің барлығы ҚР Президентінің алдағы сапарында егжей-тегжейлі талқыланып, оң бағытта шешіледі деп ойлаймын», деді А. Саджанхар.