Қазақстан Президенті Өзбекстан басшысымен жүргізілген келіссөздерге қанағаттанғандығын білдірді

ТАШКЕНТ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Өзбекстанмен қарым-қатынасқа баса мән беріп, оны Орталық азиялық аймақтағы стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Өзбекстан басшысымен жүргізілген келіссөздерге қанағаттанғандығын білдірді

«Өзбекстан - біздің аймақтағы ең ірі мемлекет, оның біздің аймақтың барлық мәдени қабатына әсер ететін үлкен мәдени-тарихи дәстүрлері бар», - деп атап өтті Елбасы.

«Біздің ынтымақтастығымыз туындайтын барлық мәселелерді сындарлы түрде шешумен ерекшеленеді. Біз Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылының бірыңғай көзқарасынан көбіне аймақтағы тыныштық, қауіпсіздік және жалпы алдағы гүлденуіміз байланысты болатынын жақсы білеміз», деді Қазақстанның басшысы.

ҚР Президенті атап өткендей, бүгінгі сапар - екі мемлекеттің арасындағы мықты байланыстың кезекті дәлелі. «Сіздер аңғарған боларсыздар, жоғары деңгейдегі кездесулер дәстүрге айналуда, бұл жақсылықтың нышаны», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

«Жұмыс сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімнің қол қойылғанына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мәңгілік достық туралы айтылғанда, онда ұсақ және достық емес актілер болмауы тиіс. Біз Қожа Ахмет Яссауи мазарының алдында, осы аймақта бірге өмір сүріп, өсіп-өнген және отбасыларын құрған аталарымызға тағзым ете отырып (құжатқа-агенттік) қол қойдық. Аталмыш маңызды құжат біздің мемлекеттер арасындағы тарихи достық қарым-қатынастың нығаюына негіз қалады», - деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

«Бұл бағытта бүгін қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың жаңа парағын ашады. Мен сындарлылығы және аталмыш құжаттың қажеттілігін түсінгені үшін Ислам Әбдуғаниұлына (Кәрімов-агенттік) үлкен ризашылығымды білдіремін», - деді Елбасы.

«Біздің мәселелердің кең ауқымын талқылаған Ислам Әбдуғаниұлымен жүргізген келіссөздеріміздің қорытындысына қанағаттанғанымды білдіремін. Біз көтермеген мәселелер қалмады. Кеше бетпе-бет кездестік, бүгін біздің әріптестерімізбен шағын ауқымда жүздестік», - деді өз сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы.