Қазақстан Президенті ресми сапармен Өзбекстанға барады

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Өзбекстанға барады.

Қазақстан Президенті ресми сапармен Өзбекстанға барады

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгін Ташкентте Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясының 13-інші отырысы ашылады. Отырыста Қазақстан тарапынан тең төраға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев болады. Ал Өзбекстан тарапынан тең төраға Бірінші вице-премьер - қаржы министрі Рустам Азимов болады.

«Отырыста Қазақстан-Өзбекстан экономикалық әріптестік мәселелері талқыланады. Бұл шара Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің шақыруымен біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға ресми сапары қарсаңында өткізіліп отыр», - деп атап өтті А. Әбибуллаев.