19:20, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Президенті үнді кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасына инвестиция салуға шақырды
ДЕЛИ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Бүгін Делиде өткен бизнес-форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үнді кәсіпкерлерін Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.

Тартымды салалардың қатарында ақпараттық технология, фармацевтика, металлургия, химиялық өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін осынау залға үнді экономикасының көшбасшылары жиналғанын пайдалана отырып, сіздерді Қазақстанға инвестиция салуға және жүрексінбеуге шақырамын», - деді Қазақстан Президенті өз сөзінде. Елбасы, «біздің республикамыз - Үндістанның Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі: Үндістанның өңірдегі тауар айналымының жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі», - деп атап көрсетті. «Өткен жылы тауар айналымы үш есеге өсті, дегенмен оның көлемі әзірге аздау, небәрі 300 миллион доллардан астам. Бірақ келешегі жарқын», - деді Қазақстан Президенті. Елбасы сондай-ақ кәсіпкерлерге Үндістан Президентімен және Үкімет мүшелерімен болған келіссөздердің қорытындысы бойынша мұнай және атом салаларында маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. «Үндістан мен Қазақстан достас мемлекет қана емес, экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық серіктес те атанып отыр», - деді Президент. Н.Назарбаевтың пікірінше, ынтымақтастықты жаңа өндірістер құрумен, технологиялар трансферттеумен жандандыру керек. «Үндістан фармацевтикалық өнеркәсіп бойынша әлемде екінші орын алады, ал Қазақстан жыл сайын сырттан 500 миллион долларға дәрі-дәрмек сатып алады. Біз осындай фабрикаларды өз елімізді салуға мүдделіміз», - деп атап өтті Елбасы. Мемлекет басшысы өңдеуші секторға, ауыл шаруашылығы мен химиялық өнеркәсіпке, металлургия саласына үнді бизнесін тартуға мүдделілік білдірді. Елбасы сонымен бірге ақпараттық технологиялармен айналысатын компанияларды Қазақстанда жұмыс істеуге шақырып, ол үшін ілеспе инфрақұрылымның бар екенін, Алматының түбінде Ақпараттық технологиялар паркі құрылғанын әлеуетті серіктестерге жеткізді.