Қазақстан Президентінің бастамалары ықшамды мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған - сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары ықшамды, ашық және есеп беретін мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Акрамжон Неъматов
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбаты мен V Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамаларына қатысты Өзбекстанның Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Акрамжон Неъматов осындай пікір білдірді.

- Қазақстан Президенті ұсынған мемлекеттік басқару мен саяси жүйені жаңғырту моделі маңызды үш қағидаға негізделген. Біріншісі – «Адал азамат» тұжырымдамасы арқылы қоғамдық сананы өзгерту. Бұл – жауапкершілігі жоғары, заң талаптарын қатаң сақтайтын және елдің дамуы жолында адал қызмет ететін адамның бейнесі. Менің ойымша, аталған бастама санаға серпіліс жасау үшін бейқамдық ұстанымнан арылып, белсенді қоғамдық идеяға ұйысуға жол ашады. Мұнда әр адам әлеуметтік-экономикалық үрдістердің субъектісіне айналады. Мемлекет және қоғам арасындағы сенім жеке жауапкершілік пен келісім арқылы қалыптасады, - деді сарапшы.

Акрамжон Неъматов атап өткендей, Мемлекет басшысы ұсынған екінші маңызды бастама - саяси институционалдық жаңғыру. Ол Конституциялық реформа арқылы жүзеге асады.

- Менің пікірімше, бұл бастама ықшамды, ашық және есеп беретін мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған. Процестерді цифрландыру, нақты нәтижеге бағдарлау, мемлекеттік басқару сапасын арттыру елдегі жоспарланған реформаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Күшті әрі ықпалды институттарды қалыптастырмай, экономикалық ілгерілеу болмайтыны белгілі, - деп тоқталды ол.

Сарапшының пайымынша, үшінші негізгі қадам – ол экономикалық трансформация. Шикізат экспортына тәуелділіктен арылып, дайын тауар шығаруға көшу - тұрақты өсімді қамтамасыз ететін басты алғышарт.

- Қазіргі сын-қатерлер Орталық Азия елдерінің барлығына тән. Атап айтқанда, бұл - шикізатқа тәуелділік, технологиялық дамудың төмен қарқыны, демографиялық ахуал, еңбек нарығына шамадан тыс түсіп жатқан жүктеме және климаттық өзгерістер. Бұл ретте мәселені тең саями жаңғыру арқылы шешу мүмкін емес. Сондықтан аймақтық деңгейде мемлекеттердің ұлттық стратегияларын өзара үйлестіру өте маңызды. Біздің өңірдің әлеуеті мол. Мәселен, біз Қазақстанның қол жеткізген макроэкономикалық көрсеткіштеріне қуаныштымыз. Тұңғыш рет ішкі жалпы өнім 300 млрд доллардан асып, оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың долларға теңелді. Бұл өте үлкен көрсеткіш, - деп мәлім етті Акрамжон Неъматов.

Спикердің ойы Қазақстандағы саяси өзгерістер мен реформалар тұтас Орталық Азия аймағына әсер етеді дегенге саяды. Тисінше, бұл бағытта ресми Астана мен Ташкенттің тығыз ынтымақтастығы өңірдегі орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.

- Егер біз күш-жігерімізді жүйелі біріктірсек, онда Орталық Азия үш негізгі нәтижеге қол жеткізеді. Біріншіден, өңір геосаясат объектісі мәртебесінен ойысып, тәуелсіз күш орталығына айналады. Екіншіден, инвестициялық тартымдылық артады. Үшіншіден, ішкі өндіріс, технология және адами капиталды дамыту есебінен сыртқы сын-қатерлерге тәуелділік төмендейді. Бірлесе жаңғыру - бұл Орталық Азия үшін тек саяси таңдау емес, сондай-ақ ол интеграцияға бастайтын жалғыз жол, - деді сарапшы.

Қорытындылай келе, Акрамжон Неъматов Өзбекстанның Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты қазақстандық әріптестерімен тығыз байланыста екеніне тоқталды.

- Біз құрамына Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының өкілдері енген сарапшылар кеңесін құрдық. Биыл оның алғашқы отырысын Ташкентте өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның барысында сарапшылар қазақ-өзбек қарым-қатынасын дамыту, ынтымақтастықты нығайту, байланыстарды бекемдей түсу бойынша пікір алмасып, тиісті ұсыныстар әзірлейді, - деп түйіндеді Акрамжон Неъматов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы аптада Президентке Конституцияның қорытынды мәтіні ұсынылуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар