Қазақстан-Ресей: Тарихи және рухани байланыстарға негізделген достық пен одақтастық қатынастарды нығайту екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресейдің достас ел болуы тарихтан бұйырған несібе десек асыра айтқандық емес. Сондықтан да тарихтары тамырлас екі елдің саяси және экономикалық тығыз байланыстарының күннен күнге еселене түсуі де түсінікті жайт. Дегенмен, жоғары деңгейдегі кездесулердің жиі орын алып, өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындаусыз, пікір алмасуларсыз алға жылжу мүмкін емес екендігі де белгілі. Өйткені, Қазақстан мен Ресей көршілес елдер әрі қазақ-орыс арасындағы терең тарихи және рухани байланыстарға негізделген достық пен одақтастық қатынастарды нығайту екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді.
None
None

Міне, осы себепті екі елдің арасындағы, әсіресе, Мемлекет басшылары деңгейіндегі телефон арқылы пікір алмасулармен қатар екі жақты кездесулердің жиі орын алуы орынды. Мәселен, кеше түнде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында В.Путин бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ал ертең Бурабайда өтетін ТМД мемлекеттері басшылары және Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ Кеңесінің кезекті отырыстарына қатысады.

Жалпы, жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан мен Ресей Көшбасшылары үнемі кездесіп, телефон арқылы жиі байланысқа шығып отыратындығы белгілі. Мәселен, жыл басынан бері Н.Назарбаев пен В.Путин телефон арқылы 7 мәрте әңгімелескен. Жыл басындағы телефон арқылы сөйлесулер барысында негізінен Мемлекет басшылары Украинада қалыптасқан жағдайды талқылап, оны бейбіт реттеу үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өткен. Мұнан бөлек, Ресей экономикасындағы уақытша қиындықтарға байланысты өзара сауданың ағымдағы мәселелерін талқылап, екі ел үкіметтеріне өзара тиімді шешімдер әзірлеу жөнінде тапсырма берілген.

Ал, екіжақты кездесулерге қатысты айтар болсақ, осы жылдың наурыз айында Елбасы Беларусь және Ресей президенттерін елордаға шақырып, бірқатар мәселелерді талқылауға ұйытқы болған еді. Үшжақты кездесуден бұрын Қазақстан Көшбасшысы Ресей Президентімен кездесіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың басымдығы бар салаларын қарастырды. Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимылдың қазіргі аухалы мен екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі даму жайын талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. «Алда алуан түрлі оқиғалар тұр, соның ең бастысы - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Сонымен қатар, біздің еліміз ТМД-ға төрағалық етеді, соған байланысты Астанада Достастық мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетін болады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жоспарланған. Жалпы, екіжақты іс-қимылдың көптеген мәселелері тиісінше шешілуде», - деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде В.Путин Ресей үшін жақын серіктес және одақтастың бірі болып саналатын Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келетіндігін баса айтты. «Әлемдік экономикадағы ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Сіздің тікелей қатысуыңызбен құрылып жатқан экономика мен әлеуметтік сала жұмысының негіздері қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, біз мұны бұдан бұрынғы жылдардағыдай бірлесіп атқарсақ, бүгінгі қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шыға аламыз», - деді Ресей Президенті.

Мамыр айында Елбасы ресми сапармен Ресей Федерациясына барып Мәскеуде өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты. Сапар аясында Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, Ресей Президенті В.Путинмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты өзара ықпалдастықтың, соның ішінде сауда-экономика, отын-энергетика, ғарыш салалары мен мәдени-гуманитарлық саладағы кең ауқымды мәселелерін талқылады. Айта кетерлігі, бұл Елбасының Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейінгі шетелге алғашқы ресми сапары болатын. Сондықтан Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үмітін білдірді. «Елдегі соңғы жылдардағы өзгерістер, Қазақстан азаматтарының сайлау науқанына қалай қарайтыны, олардың Сіздің атқарған жұмысыңызға қалай баға беретіні - ең құндысы осы. Біздің екіжақты байланыстарымыз бұдан әрі де қарқынды және сайлауға дейінгі жылдардағыдай жемісті болатынына сенімдімін», - деген Ресей Президенті интеграциялық үдерістер саласындағы бастамалары үшін Қазақстан Президентіне алғысын да білдірді.

Екі ел көшбасшыларының келесі кездесуі Уфа қаласында өтті. Екіжақты өзара ықпалдастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылған бұл кездесу барысында В.Путин Н. Назарбаевқа көпжоспарлы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамытуға сіңірген еңбегі, сондай-ақ интеграциялық үдерістерді ілгерілету бағытындағы екіжақты өзара ықпалдастыққа қосқан белсенді үлесі үшін Александр Невский орденін тапсырды. «Бүкіл еліміз Сізге зор құрметпен қарайды. Біздің халықтарымыздың алдындағы Сіздің еңбегіңіздің және интеграциялық үдерістер мәселесі бойынша Сіз көтерген, бүгінде аяғына жеткен бастамалардың белгісі ретінде Сізге осы награданы тапсыруға рұқсат етіңіз», - деді Ресей Президенті.

Ал, қыркүйек айында Қытайға мемлекеттік сапар жасаған Мемлекет басшысы Бейжіңде Ресей Президентімен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі маңызды жайттарға қатысты ұстанымдарды қарастырған еді.

Сол айда Н.Назарбаев пен В.Путиннің қатысуымен Сочи қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен болатын. Осы форум аясында да екі елдің Мемлекет басшылары кездесті. Н.Назарбаев өңіраралық ынтымақтастық форумының әлемдік экономикадағы турбуленттілік жағдайында екі мемлекет үшін мәні ерекше зор екенін атап өтті. «Экспорттық тауарлар бағасының құлдырауы мен валюта нарықтарындағы тұрақсыздық салдарынан өзара сауданың бәсеңдеуі байқалуда. Дегенмен, бұл ретте біздің үкіметтеріміз туындаған мәселелерді шешу үшін шұғыл жұмыс жүргізіп жатыр деп есептеймін. Форум аясында бүгін сол мәселелердің маңыздыларын талқылауға мүмкіндігіміз бар», - деді Елбасы. В.Путинде өз кезегінде Қазақстан мен Ресейдің өңірлері басшыларының кездесу форматының маңыздылығын атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар