Қазақстан Ресейде эндаумент-қорларды дамыту тәжірибесін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Санкт-Петербург қаласында Ресейдің Ұлттық эндаументтер қауымдастығы ұйымдастырған «Вечные вклады» ассамблеясы өтті. Бұл — эндаумент-қорларды дамыту және қайырымдылық мәдениетін ілгерілету саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі.

Қазақстан Ресейде эндаумент-қорларды дамыту тәжірибесін таныстырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ол жыл сайын Ресей мен басқа да елдерден келген 100-ден астам ұйымды, соның ішінде университеттерді, қайырымдылық қорларын, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық пен қаржы нарығының өкілдерін біріктіреді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан форум қатысушыларын делегация жетекшісі Мира Тұрсынбаева құттықтап, еліміздегі эндаумент-қорлардың дамуы және олардың ғылым мен университеттік білім беруді трансформациялаудағы рөлі туралы баяндады.

Пленарлық сессияның маңызды нәтижелерінің бірі — Қазақстанның Ұлттық эндаумент-қорлар қауымдастығы мен Ресейдің Ұлттық эндаументтер қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжатқа Қазақстанның Ұлттық эндаумент-қорлар қауымдастығының басқарма төрағасы Фархад Қуанғанов пен Ресейдің Ұлттық эндаументтер қауымдастығының басқарма төрайымы Светлана Лаврова қол қойды.

Қазақстан Ресейде эндаумент-қорларды дамыту тәжірибесін таныстырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Форумның негізгі бағыттарының бірі — эндаумент-қорларды дамытудағы қазақстандық тәжірибені талқылау болды. Қазақстандағы эндаумент-қорларды дамытуға арналған арнайы сессия барысында қатысушылар 2025 жылы «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар туралы» заңның қабылдануынан кейін осы бағыттың даму перспективаларына ерекше қызығушылық танытты.

Тректі «Аврора-Ала» ҚҚ атқарушы директоры Евгений Моховиков жүргізді. Сарапшылар ретінде Мира Тұрсынбаева, Фархад Қуанғанов, Тимур Макенов және «Standard» инвестициялық компаниясы АҚ басқарушы директоры Санжар Сейітқасымов сөз сөйледі.

Қазақстан Ресейде эндаумент-қорларды дамыту тәжірибесін таныстырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Study in Kazakhstan» экспозициясы тудырды. Қазақстанда шетелдік студенттерге арналған жаңа білім беру мүмкіндіктері мен академиялық ұтқырлық бастамаларын С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Astana International University, Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, Астана медицина университеті таныстырды.

Форум жұмысы фандрайзинг пен эндаументтердегі цифрлық қаржы мен цифрлық активтерге арналған жабық сараптамалық сессиямен аяқталды. Сессия аясында қайырымдылық нарығының болашақ сценарийлерін модельдеуге арналған стратегиялық ойын өткізілді, оған қазақстандық Standard және Freedom Broker басқарушы компаниялары да қатысты.

Қазақстан Ресейде эндаумент-қорларды дамыту тәжірибесін таныстырды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

«Вечные вклады» ассамблеясына қатысу Қазақстан үшін әлеуметтік саланы тұрақты қаржыландырудың жаңа тетіктерін дамытудағы ғана емес, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттерінің озық тәжірибелеріне сәйкес ғылым мен жоғары білімді жаңғыртудағы елеулі ілгерілеуді халықаралық деңгейде мойындатудағы маңызды қадам болды.

Бұған дейін хабарланғандай, ЖОО-ларда капиталы 50 млрд теңге болатын 5 эндаумент қор құрылады.