Қазақстан Ресейге Еділ суын бірлесіп реттеу туралы ұсыныс жасамақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ресейге Каспийді қорғау бойынша жаңа ұсыныспен шығатындарын айтты.

- Өкінішке қарай, Еділ өзені трансшекаралық өзенге жатпайды. Біз тек Жайық және басқа өзендер бойынша ғана Ресеймен келісімшарттар, арнайы жұмыс топтары бар. Еділге келсек, Каспий суының 80 пайызын беріп отырғаны шын. Біз Ресей тарапына ұсыныспен шығайық деп отырмыз. Еділ өзені бойынша біріккен жұмыс тобын құрып, әрі қарай сол жұмыс тобы арқылы жұмысты жалғастырамыз, - деді ол.
Вице-министр аталған ұсынысты жылдың үшінші жартысына дейін әзірлейтіндерін айтады.
- Бұл мәселе бойынша арада келісімшарттарды бастау үшін заңнамалық құқық керек. Осы жылдың үшінші тоқсанында Ресеймен біріккен жұмыс тобының отырысы болады. Ұсынысты сол кезде айтамыз да, солардың шешімін күтеміз, - деді Болат Бекнияз.
Ал Ақтаулық геолог Қосарбай Қожахметтің сөзінше, Каспий суы табиғи тербеліс бойынша 50 жыл жоғарылап, 50 жыл кері кетеді.