Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Семей аймағындағы жағдайды реттеуге қатысты халықаралық ұйым өкілдерімен үлкен жиын өткізуді ұсынады - Н.Әбіқаев

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазіргі таңда Семей аймағының экологиясы мен су ресурстарын және ондағы адамдардың денсаулық жағдайларын реттеудегі жұмыстар жүйесіз жүргізілуде.

Қазақстан Семей аймағындағы жағдайды реттеуге қатысты    халықаралық ұйым өкілдерімен үлкен жиын өткізуді ұсынады - Н.Әбіқаев

Ал ондағы бүгінге дейін жүргізіліп келген зерттеулер тиісті қаржының жетіспеушілігінен тек қағаз жүзінде қалып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының Семей полигонындағы жағдайды оңалту мәселесі бойынша резолюциясының орындалуына байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Токиодағы халықаралық конференцияға 10 жыл толғалы отыр. Осыған орай біз биылғы жылдың соңында Астанада МАГАТЭ, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты өзге де бірқатар халықаралық ұйымдардың және Қазақстандағы қызығушылық танытқан ведомство өкілдерінің қатысуымен Семей аймағындағы жағдайды реттеуге байланысты осы уақытқа дейін бірлесіп атқарылған жұмыстарды бір пысықтап шығу мақсатында арнайы кездесу өткізуді ұсынамыз. Сондай-ақ біз онда бірлескен түрде атқарылатын шаралардың болашақ жоспарларын да жобалаймыз» деді Н.Әбіқаев.

Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Семей полигонының жағдайында қауіпсіздіктің кепілі ядрлық қару емес, бейбітшілік пен келісімге бағытталған сыртқы саясат пен ішкі тұрақтылық және мемлекеттің экономикалық және саяси жағынан тұрақты дамуында екендігін көрсетті. «Сондықтан біз қалың көпшіліктің Қазақстанның Семей аймағындағы жағдайды реттеумен қатар ядролық қарудан ада болуға шақыратын бастамаларын да қолдайды деген үміттенеміз» деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.