Қазақстан семсерлесуден әлем чемпионатын бір медальмен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасы семсерлесуден Гонконгта өткен 2026 жылғы әлем чемпионатындағы жарыс жолын аяқтады.
Жарыстың соңғы бағдарламасында әйелдер арасындағы рапира мен ерлер арасындағы саблядан командалық сайыстар өтті.
София Актаева, Алина Искандерова және Алена Гноевадан құралған Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде Ресей командасына 16:45 есебімен жол берді. Ал Артем Саркисян, Қуаныш Ерғашбай, Нұрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан өнер көрсеткен ерлер құрамасы Испаниядан 37:45 есебімен жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын бір алтын медальмен түйіндеді. Бір күн бұрын ерлер арасындағы командалық шпага сайысында Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов тарихи жетістікке қол жеткізіп, әлем чемпионы атанды.
ҚР ҰОК мәліметінше, финалда қазақстандық спортшылар Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңді.