Қазақстан Сербиямен қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынамақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысында «Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Қазақстан Қарулы күштерінде жаңа кәсіби мереке алғаш рет аталып өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Құжатты таныстырған Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, келісімнің мақсаты - тараптар арасында теңдік қағидаты негізінде әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және әрі қарай өзара тиімді дамыту.

- Келісіммен әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау, бірлескен ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, технология трансферлері, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары көзделген. Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу кезінде әскери инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкін болғандықтан, келісім ратификациялауға жатады, - деді министр орынбасары. 

Оның мәліметінше, Қазақстан тарапынан келісімді іске асыру бойынша Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі уәкілетті органдар болады. Келісім аясында ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін тараптармен әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылады.

- Заң жобасы республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді. Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешені мен әскери-техникалық ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін болады, - деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Айта кетейік, Құрылтай отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын талқылап жатыр.