«Қазақстан» шахтасында қаза тапқандардың отбасыларына он жылдық еңбекақы төленеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 31 тамыз күні «Қазақстан» шахтасында газдан уланып қаза тапқан кеншілердің отбасыларына он жылдық еңбекақыларын төлейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мұндай ақшалай өтемақы ұжымдық еңбек келісімшартында қарастырылған. Бұдан өзге, қаза тапқан азаматтардың туыстарына шипажайлық-медициналық мекемелерге жолдама беріледі. Жұмыс беруші қаза тапқандардың балаларының мамандандырылған орта және жоғары оқу орындарында білім алуын қаржыландыруға міндетті.

Компания тек келісімшарттағы талаптармен шектеліп қалмақ емес. Көмір департаментінің қызметшілерінің арнайы тобы әр отбасына қандай көмек керектігін анықтаумен айналысып жатыр. Қажет болған жағдайда, қайтыс болған азаматтардың банктерден алған несиелері төленетін болады. Кеншілерді жерлеу рәсімінің шығынын да «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы толықтай өз мойнына алды. 

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшысы Парамжит Калон қайтыс болғандардың отбасыларына келіп, көңіл айтты.  Ол қаралы отбасыларына ұжымдық келісімшартта қарастырылған барлық міндеттемелердің орындалатындығына уәде етті. Бұдан өзге, компания басшылығы әр отбасының әлеуметтік жағдайын анықтап, соның негізінде тағы да қосымша көмек көрсетілетіндігін айтты.

2 қыркүйек күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының үш бөлімшесінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алу шарасы өткізіледі. Сол күні, 2 қыркүйекте олар жер қойнына беріледі.

Айта кетерлігі, бүгін дәрігерлер метаннан уланып қалған 26 жасар кеншіні үйіне қайтарды .

Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша «31 тамызда таңғы сағат 4-тер шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында кенет метан газы тараған. Шахтада бастапқы мәлімет бойынша 136 адам болған. Ал апатты учаскеде алдын ала дерекке сәйкес 4 адам қалған. Қазіргі уақыттағы қолда бар дерек бойынша шахта қызметкерлері тіршілік белгісі жоқ 3 адамды тапқан».
Кейін апатта қаза тапқан үш кеншінің аты жөні жария етілді.

Олар:

1. Ахметжанов Рустам Ренатұлы, 23.03.1983ж., үйленген, 3 баласы бар.

2. Руденко Валерий Валентинович, 18.05.1980 ж., үйленген, 2 баласы бар.

3. Шебанов Максим Сергеевич, 24.05.1986 ж., үйленген, 1 баласы бар.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясы басшылығы «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы жағдайдың мән-жайын хабарлады.  

Соңғы жаңалықтар
telegram