Қазақстан шикізаттық емес отандық өнімді өткізуде мейлінше тартымды нарықтардың бірі - Қытайға экспорт көлемін арттырмақ
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан шикізаттық емес отандық өнімді өткізуде мейлінше тартымды нарықтардың бірі - Қытайға экспорт көлемін арттырмақ.
Бұл туралы бүгін елордада өткен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Экспорттаушылар кеңесі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.
Ол өз сөзінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы міндеттерінің бірі - шикізаттық емес экспортты жандандыру екендігін, осыған орай Экспорттаушылар кеңесі белсенді жұмыс істей бастайтындығын баса айтты. Сондықтан Ә.Исекешевтің атап өтуінше, сыртқы нарыққа қазақстандық өнімді экспорттау үшін әрбір елде кездесетін кедергілер барынша төмендетілетін болады.
Бұл ретте шикізаттық емес өнім экспортын дамыту бойынша кездесулер циклін бастайтындықтарын атап өткен министр: «Бірінші кезекте қарастыратын нарығымыз - Кедендік одақ елдері, одан кейін - Қытай Халық Республикасы, үшіншісі - Орталық Азия елдерін қоса алғандағы еліміздің көршілері және ЕО елдері», - деді.
Осы орайда Ә.Исекешев бүгінгі жиында Қытаймен сауда-саттық қарым-қатынасындағы жалпы стратегия қарастырылып, кәсіпкерлердің алдағы жоспарлары мен орын алып отырған проблемалары турасындағы ойлар ортаға салынатынын атап өтті.