Қазақстан - Шығыс пен Батыс арасында экономикалық байланыстардың көпірі - Кәрім Мәсімов

НДОН. Қазан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан - Шығыс пен Батыс арасында экономикалық байланыстардың көпірі. Бұл туралы бүгін Лондонда өтіп жатқан Қазақстандық бизнес-форумға арнаған бейнеқұттықтау сөзінде ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.

Қазақстан - Шығыс пен Батыс арасында экономикалық  байланыстардың көпірі - Кәрім Мәсімов

«Екі айға жуық уақыттан кейін біз Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын мерекелейміз. Осы жылдары біз бұрынғы Кеңестік елден Тәуелсіз мемлекетке дейін сәтті өттік. Егемендік алған жылдарда еліміздің табысты өркендеуіне халықаралық әріптестік пен шетелдік инвесторлар айрықша маңызға ие болды», - деді Үкімет басшысы.

К. Мәсімов соңғы бірнеше айда дағдарыстың тәуекелдері арта түскеніне тоқтала келе, бұл тұрғыда көптеген елдердің рейтингісінің төмендеуі алаңдатып отырғанын жеткізді.

«Биылғы жылдың тоғыз айында еліміздің экономикасы жеті пайызға өсуіне қарамастан, біз алдағы қиындықтарды еңсеруге дайын болу керектігін білеміз. Осы себепті біз әлемде экономикалық ахуал күрделене түсетін болса, Қазақстан экономикасын дағдарыстан өткеру үшін резервті жоспарды әзірледік. Бұл тұрғыда біздің экономикалық ұстанымды қауіпсіз ете аламыз», - деп атап өтті Премьер -Министр.

К. Мәсімовтың пайымдауынша, Қазақстан мен Ұлыбритания бірлесе күш-жігерді жұмсай отырып, бұдан әрі қарай экономикалық өсім мен елдердің гүлденуіне қол жеткізе алады.

«Бізде ауқымды өндірістік және шығармашылық халық бар. Осы орайда бұл адами капиталды алдағы жылдары айтарлықтай пайдалануға ниеттіміз», - деді Үкімет басшысы.

Мұнымен қоса ол Қазақстанда кәсіпорындарды дамыту мақсатында бюрократиялық кедергілер төмендетілгенін, бизнестің ашықтығын қамтамасыз етуге қолдау көрсетіліп отырғандығын айтып өтті.

«Көптеген жылдардан бері Қазақстан мен Ұлыбритания өзара тиімді қарым-қатынас негізінде жұмыс жасауда. Қазақстан халықаралық ынтымақтастық тұрғыда сенімді әріптес болып табылады. Біз Шығыс пен Батыс арасында экономикалық мәдени байланыстарды нығайтудағы көпірміз», - деп түйіндеді Премьер -Министр.

Айта кетейік, Қазақстандық бизнес-форум Лондонда осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Қазақстанның экономикалық дамуының үрдісін талқылауға негізделген бұл шараға ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, инвесторлар мен іскер топтар қатысуда. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымына тоқталатын болсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш 2 104,4 млн. АҚШ долларына бағаланды. Биылдың қаңтар-шілдесінде екі елдің арасындағы тауар айналымы 1 379,3 млн. АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 16,3 пайызға артық болды. Кедендік статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстаннан Ұлыбританияға бағытталған экспорт көлемі 1 106,5 млн. АҚШ долларын құрады. Ал елімізге аталған мемлекеттен келген импорт 272,8 млн. долларға бағаланды.