Қазақстан ШЫҰ дамуын ілгері жылжытуда өте белсенді рөл атқарып келеді - қытайлық сарапшының пікірі
ЖІҢ. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Баршаға белгілі, Астанада ағымдағы жылдың маусым айында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының (ШЫҰ) мерейтойлық Саммиті өтеді.
ҚХР Сыртқы істер министрі Ян Цзечидің айтуынша, қытай тарапы бұл аймақтық шараға зор маңыз беруде және осы кездесудің ойдағыдай өтуіне және аймақтық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге үлкен үлес қосуға ниеттеніп отыр. Қытай сарапшылары ШЫҰ-ға зор көңіл бөліп, оның өткен он жылдық кезеңдегі қызметінің қортындыларын шығаруда, атап айтқанда, Ұйымның жұмысы және келешегі жайлы Қытай халықаралық проблемалар институтының президенті Цюй Син мырза өз пікірімен бөлісті.
- Сіз халықаралық ынтымақтастық саласындағы ШЫҰ-ға мүше елдердің қызметін қалай бағалайсыз? Аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдаудағы Ұйымның рөлі қандай?
- Соңғы он жылда ШЫҰ ықпалды аймақтық халықаралық ұйымға айналды. Көптеген мемлекеттер ШЫҰ-ға назар аударуда. Негізгі ұстаным мен ашықтық рухы негізінде ШЫҰ-ға Моңғолия, Үндістан, Пәкістан мен Иран бақылаушы ретінде, Беларусь пен Шри-Ланка диалог бойынша әріптес ретінде қабылданды. Сонымен қатар 2010 жылы Ташкентте өткен Ұйым Саммитінде қабылданған ШЫҰ-ға жаңа мүше елдер қабылдау туралы Ереже Ұйымға мүше елдерге айналу үшін бақылаушы мен әріптестер елдерге құқықтық негіз тудырды.
Қазіргі таңда жаңа мүше елдерді қабылдау жөнінде ШЫҰ-да шарттар жеткілікті емес. Жас халықаралық ұйым ретінде ШЫҰ Орталық Азиядағы геосаяси және экономикалық жағдайлардың өзгеруі сияқты көптеген мәселелерге кездесіп жатады.
ШЫҰ халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықта болуға әрдайым баса назар аударып келеді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қауіпсіздік, экономика, гуманитарлық салалардағы диалог бойынша бақылаушы және әріптес мемлекеттермен ынтымақтастық орнату ісінде жемісті жұмыстар атқарды.
ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао 2010 жылы Ташкентте өткен ШЫҰ Саммитінде атап өткендей, Қытай бақылаушы мемлекеттермен ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру жөніндегі ШЫҰ-ның жұмысын қолдайды, ал бұл жұмыс ол мемлекеттерді аймақтық тұрақтылық пен дамуға көмектесу үшін лаңкесттік пен есірткіге қарсы күрес, көлік, энергетика, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа мүше ете алады.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы ШЫҰ-Ауғанстан байланыс тобы диалогының жұмыс істеп тұрған тетігі арқылы Ауғанстан мәселесі мен Орталық Азия және Оңтүстік Азиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша белсенді диалог жүргізуде. Ұйым Мәскеуде Ауғанстан мәселесі бойынша халықаралық конференция өткізді, ондағы мақсат - аймақтық тұрақтылықты және ауған мәселесін шешуді қамтамасыз ету болды. Оған БҰҰ, ҰҚШҰ, ТМД, ЕО, НАТО сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жоғарыда айтылған фактілердің барлығы ШЫҰ аймақтық тұрақтылықты сақтау мен оны бірлесіп дамытуға көмектесуде белсенді, сындарлы рөл атқаратындығының дәлелі бола алады.
- Ал ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейіне қандай баға бересіз?
- Соңғы он жылда ШЫҰ аясындағы сауда-экономиалық ынтымақтастық қарқынды дамуда, бұл құбылыс көптеген сауда операциялары мен инвестициялардан көрініс табады, әсіресе, Қытай мен басқа да ұйымға мүше-мемлекеттер арасындағы сауда деңгейінің қарқынды түрде артқанынан байқалады.
Қазақстанның кеден қызметі ұсынған статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда 14,09 млрд. АҚШ долларына жеткен, бұл дегеніміз Қытай Қазақстан Республикасының ірі сауда әріптестерінің бірі болып табылады дегенді білдіреді. Сонымен қатар «Қорғас» Қытай-Қазақстан халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының коммерциялық тұрғыда дамуы Орталық Азиямен ынтымақтастықты дамытуда басқа елдерге үлгі бола алады. Және де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың ақпан айында Қытайға жасаған сапары Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі қарқынды дамуына көмектесті.
Соңғы жылдары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер халықаралық қаржы дағдарысына қарсы өзара күрес аясындағы ынтымақтастыққа белсенді күш салып, ШЫҰ аясындағы көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға кірісті. 2011 жылдың ақпан айында Қазақстан мен Қытай арасында «Астана-Алматы» жылдамдығы жоғары жүрдек теміржол құрылысын салудағы ынтымақтастық туралы қол қойылған Меморандум Ұйым аясында көлік саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына өз үлесін қосатын болады.
Жалпы алғанда, экономикалық гүлдену мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше барлық елдің негізгі міндеті болып табылады. Ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтауда да барлық мемлекеттер осындай мақсат ұстанады. Осы міндеттердің өзара байланысы ШЫҰ-ға мүше елдерді мықты экономикалық даму жолында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын арттыра түспек.
- Биыл Астанада ШЫҰ-ның мерейтойлық Саммиті өтеді. Сіздің пікіріңізше, Ұйымның қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстанның рөлі қандай?
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің он жылдығын мерекелеуге әзірленіп жатқан қазіргі сәтте Астанада алда өтетін ШЫҰ саммитінің маңызы ерекше. Соңғы он жылдың ішінде Ұйым экономика, қауіпсіздік және гуманитарлық сала бағыттарындағы тетіктерді қалыптастыра отырып, өзара тиімді ынтымақтастық негізінде зор табыстарға жетті. Олар ШЫҰ-ның жарқын жетістіктері болып табылады, ал бұл өз кезегінде мүше-мемлекеттердің одан әрі ынтымақтастығы үшін берік негіз болмақ. Ұйым бүкіл аймақтың ауқымындағы зор өзгерістерді тудырған көптеген оқиғалардың куәсі болды, ол аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуда, тұрақтылықты ұстап тұруда маңызды және таптырмайтын рөл атқарады.
Ұйымның маңызды мүшесі және Орталық Азиядағы ықпалды ел ретінде Қазақстан Республикасы ШЫҰ дамуын ілгері жылжытуда белсенді рөл атқарып келеді. Біз осынау тарихи сәтте өткізілетін Астанадағы саммит табысты болады деп пайымдаймыз.
Ғалым ретінде мен саммит ШЫҰ-ның онжылдық тарихын жан-жақты қорытындылап, болашақ дамуына қатысты жақсы жоспар құрады деп тағатсыздана күтудемін.
- Әңгімеңізге рахмет!