Қазақстан соңғы 10 жылда 215 млрд. доллар инвестиция тартты - ҚР ИДМ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров мәлім етті.
«Біз 2005-2015 жылдар аралығында 215 млрд. доллар инвестиция тарттық. Негізінен, олар өндіру саласына тиесілі екені мәлім. Бірақ соңғы жылдары біз шетелдік инвесторлардың өңдеуші салаға көп мән беріп келе жатқандығын көріп отырмыз. Өңдеуші салаға тартылған барлық инвестициялардың 74 пайызы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы жылдарына тиесілі болып отыр», - деп атап өтті Е.Хаиров.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан өңдеуші салаға бағытталатын инвестицияларға үлкен мән беріп отыр.
«2015 жылы капиталдың дені дамушы елдерден дамыған елдерге қарай ағыла бастады. Ол үдеріс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Біз тау-кен саласында инвестициялардың 64 пайызға, шикі мұнай өндіру - 73 пайызға, құрылыс пен сауда - 50 пайызға төмендегенін көріп отырмыз. Оның қасында өңдеуші саланың халі әлдеқайда тұрақты. Жартыжылдықта оған тартылған инвестициялардың көлемі тек 10 пайызға кеміген», - деді комитет басшысы.