Қазақстан спортында басым бағыттар белгіленді – Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда спорттың 46 басым түрі анықталып, «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа Заң аясында 60 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Қазақстан спортында басым бағыттар белгіленді – Туризм және спорт министрлігі
Фото: Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, Заң аясында қабылданған түзетулерді іске асыру мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге (НҚА) өзгерістер енгізіліп, жаңа заңға тәуелді актілер әзірленіп жатыр.

– Заңға сәйкес қабылдануға тиіс 60 нормативтік-құқықтық актінің тізбесі бекітілді. Оның ішінде 53-і – Туризм және спорт министрлігіне тиесілі. Бүгінгі таңда 42 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Оның 6-ауы жаңадан әзірленсе, 36-сы – қолданыстағы құжаттар. Сонымен қатар Қаржы және Әділет министрліктерімен бірлесіп 11 НҚА жобасы бойынша келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Серік Жарасбаев.

Бұған қоса, вице-министр жүзеге асырылып жатқан құжаттарға да тоқталды. Соның ішінде басты жаңалықтардың бірі ретінде елімізде спорттың 46 басым түрінің айқындалуын ерекше атап өтті. Бұл тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ олимпиадалық емес, бірақ халықаралық деңгейде мойындалған және ұлттық спорт түрлері енгізілген. 

– Бұл шешім еліміздің спорт саласындағы ресурстарын әлеуеті жоғары бағыттарға жұмылдыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Қазақстанның жоғары жетістікті спорттағы көрсеткіштері арта түседі, - деді вице-министр. 

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі спорт саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және бюджет қаражатын тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар