Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді - Елбасы
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді.
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Лондон Олимпиадасына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасына құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Құрметті отандастар, құрметті олимпиада жеңіскерлері, баршаларыңызды ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстанның тамаша жеңістерімен құттықтаймын. 2 апта бойы барша Қазақстан халқы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміткерлерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітімізді ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Лондон төрінде қазақ елінің көк байрағы 7 мәрте әлемнің барлық елдерінің туларынан биікке көтерілді. Отанымыздың әнұраны 7 рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшыларымыз Олимпиаданың алғашқы күндерінен бастап соңғы сәттеріне дейін қоржынға медаль салумен болды», - деді Елбасы.
Сонымен қатар кірпік қақпай теледидарға телміріп, тілекші болған миллиондаған қазақстандықтардың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітіргендігін баса айтқан ҚР Президенті: «Осылай барша қазақстандықтардың мерейі үстем болды. Біз болашақта бұдан да биік асуларды бағындыра береміз деп сенеміз», - деді.