Қазақстан спортшыларының «РИО-2016» Олимпиадасындағы парадтық киімі таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан спортшыларының «РИО-2016» Олимпиада ойындарында киетін парадтық киімі таныстырылды.
None
None

Айта кетейік, парадтық және спорттық киімдерді Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина және Сәкен Жүнісбекұлы мүшелік ететін арнайы топ жасақтады.

«Біз осы формаларды тігу үшін Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина және Сәкен Жүнісбекұлы - барлығымыз арнайы кеңес құрдық. Парадтық киімдер қандай болатынын талқыладық. Менің ойымша, форма өте жақсы шыққан. Олардың матасы өте сапалы. Түстерін аздап қанықтыру керек, сары түсі ашықтау болса деген тілек бар. Мен өзім екі мәрте Олимпиада ойындарына қатыстым, Ольга да Олимпиадада болды, біз спортшыларға ыңғайлы болу үшін барлығын ескеруге тырыстық. Ең бастысы спортшы үшін жаттығу кезінде ыңғайлы болғанын қаладық. Бразилиядағы ауа райы да ескерілді», - дейді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен жиында.

Спорттық-парадтық киімді және жаттығуға арналған формаларды «ҚазСПО-N» ЖШС жасап шығаратын болады. Компания басшысы Елена Свечникованың сөзіне қарағанда, бұл киімдер алдын ала тігілген үлгілер ғана. Болашақта олардың түстері бойынша өзгерістер жасалуы әбден мүмкін.

«Спорттық киімдерді біз сегіз жылдан бері шығарамыз. Соңғы рет Сочи-2014 Олимпиадасында Қазақстан спортшыларына киім тіккен болатынбыз. Біз ауа райының өзгешеліктеріне байланысты маталарды түрлі елдерден әкелдік. Бразилиядағы климатқа сай киім тігу спортшылар үшін өте маңызды. Сондықтан біз ең озық технологиялардың негізінде жасалған әлемге танымал маталарды пайдаландық», - дейді «ҚазСПО-N» ЖШС басшысы Елена Свечникова.

Соңғы жаңалықтар