Қазақстан су қауіпсіздігі саласындағы өңірлік саясатты нығайтады — заң

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң мақұлданды. 

Алтынбек Нухұлы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Келісім Мемлекет басшысының Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің 2024 жылғы 12 сәуірдегі отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және оған 2025 жылы 19-шы маусымда Астана қаласында қол қойылған.

— Келісімді ратификациялау 2012 жылы Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретіндегі мәртебесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл мәртебе 2017 жылы 6 жыл мерзімге ратификацияланған болатын. Орталық мұздықтарды, қар жамылғысын және су ресурстарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, климаттың өзгеруінің салдарын бағалау мен өңір елдері арасында ғылыми деректермен алмасуды қамтамасыз етіп, ғылыми-талдамалық функция атқарады. Орталықтың қызметі Орталық Азия мемлекеттері үшін стратегиялық маңызға ие, себебі өңірдегі су ресурстарының басым бөлігі мұздықтармен тікелей байланысты. Мұздықтар вегетациялық кезеңде өзен ағынының 50 пайызына дейінін, ал таулы-мұздық бассейндерде жылдық ағынның 80 пайызынан астамын қалыптастырады. Бұл ресурстар суару, энергетика және халықты сумен қамтамасыз ету үшін аса маңызды, — деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Атап айтқанда, орталық Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумақтарындағы мұздықтарды зерттей отырып, Сырдария, Іле және Шу–Талас бассейндері бойынша ғылыми деректер ұсынады. Бұл деректер мемлекеттік органдардың су саясатын ғылыми негізде жоспарлауына мүмкіндік беретін болады. Фундаменталды зерттеулер нәтижесінде 2400-ге жуық мұздық бойынша 60 жылдан астам үздіксіз бақылау деректері жинақталған.

— Өңірдегі су тапшылығының негізгі себебі жауын-шашынның азаюы емес, су алудың ұлғаюымен байланысты екені ғылыми тұрғыда дәлелденді. Орталықтың қолданбалы нәтижелері Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ «Қазгидромет» қызметінде кеңінен пайдаланылады. Сел қаупі бар мұздық көлдер зерттеліп, алдын алу шаралары жоспарлануда. Келісімді ратификациялау арқылы Қазақстан — Орталық Азиядағы ғылыми-зерттеу хабы ретіндегі мәртебесін нығайтады, су қауіпсіздігі саласындағы ұлттық және өңірлік саясатты ғылыми деректермен қамтамасыз етеді, жас ғалымдар мен мамандарды даярлау үшін халықаралық алаң қалыптастырады, ЮНЕСКО-мен серіктестікті одан әрі дамытады, сондай-ақ, халықаралық ғылыми стандарттарды сақтауға, өңірлік және жаһандық ғылыми бағдарламаларға қатысуға, Қазақстанның климаттық зерттеулер саласындағы беделін арттыруға мүмкіндік береді, — деді депутат.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Азия даму банкі жаңа нысандардың құрылысы мен мұздықтардың еруіне қарсы күресті талқылағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар