Қазақстан суретшілерінің еңбектері контрабандамен шетелге шығарылып келген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан суретшілерінің еңбектері контрабандамен шетелге шығарылып келген. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінде өткен министрлік жанындағы музей ісі жөніндегі көркемдік кеңестің отырысында белгілі болды.
Мәдениет және спорт министрлігінде өтіп жатқан министрлік жанындағы музей ісі жөніндегі көркемдік кеңестің отырысында музей директорлары мен осы саланың қызметкерлері суреттерде, ескі антиквариат бұйымдарды, сирек кездесетін жәдігерлер мен тарихи кітаптарды, жалпы мәдени құндылықтарды шетелге шығару мәселесінің ушығып тұрғанын жария етті. Мысалы, Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамасына сәйкес, ата-анасынан қалған құндылықтар тұрмақ, суретші өзінің салған суретін анықтамасыз шетелге шығара алмайды екен.
«Қазір өнеріміз «жасарды». Мысалы, Сайхитдинов, Айтбаев, Шарденов сияқты классиктардың туындылары əлі ескі туындылар қатарына жатпайды . Олардың антиквар ретінде құны жоқ, біздің елде олардың мəдени, тарихи құндылығы бар. Шет елде бұл таланттардың туындысын көп ешкім білмейді. Бірақ, мəдени құндылық болып саналған соң, оларды шет елге шығаруға болмайды. Біздің музей туындыға анықтама беру мəселесіне тап болып отыр. Неге екенін білмеймін, мəдени-тарихи құндылықты шет елге шығаруға болады деген анықтаманы қаланың музейі беретін болып шықты. Тіпті, сурет жеке галареяда тұрған болса да, оны адам барып «Арбаттан» сатып алса да, оны шетелге шығару үшін анықтама алуы керек. Мынандай бір ақылма қорлайтын жағдай кездескен болатын. Менің Швейцарияда тұратын құрбым Африканың суретшісі салған құны 10 доллар картинаны сатып алып, Алматы арқылы Швейцарияға ұшпақ болды. Сондықтан, біз оған əлгі суреттің ешқандай құны жоқ деп жазып бердік. Бір кісілер келді, шетелде тұратын балаларына көшіп барады екен. Қолдарында 17-18 ғасырдан қалған құнды бұйым тұрды. Оларды да біздің анықтамасыз шетелге шығармайтын еді, ол жеке адамның мүлкі болған соң, өте бағалы бұйымдар болса да, біз тарихи-мəдени құны жоқ деп анықтама жазып бердік. Бұл жағдай жас суретшілерге де қатысты. Олардың суреті шетелде жақсы бағаланатынын білсек те, шетелге шығару үшін оған еш құны жоқ деп анықтама береміз. Ал, бермесек, оның суреттері шетелге шықпай қалады. Бірақ, олардың құны жоқ деп бағалау - жалған дүние ғой», - дейді Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева.
Ал, коллекция жинайтын кəсіпкерлердің мүддесін қорғаған Ұлттық кəсіпкерлер палатасы комитетінің төрағасы Талғат Доскенов кезінде өзі де контрабанда арқылы сурет алып шыққанын айтып берді.
«Өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Қарағандыда талантты суретшілер бар. Олардың Германия, Фанция, Англия сияқты елдерде туыс-туғаны тұрады, олардың суреттерін алғысы келіп сұратты. Мен суретшінің туындысы алып, шетелге жиналдым. Ал кеденшілер болса мені өткізбеді. Мен қайттім дейсіздер ғой? Мен суретті рамасынан ажыратып алдым да контрабанда арқылы алып кеттім. Міне, бұл тексеріс əлі күнге дейін өзгерген жоқ. Қазіргі рәсімдер де (кедендік - автор) біздің жас таланттардың шетелге сурет сатып ақша тарауына жол бермей отыр», - дейді ол.