Қазақстан су шаруашылығы саласындағы ұлттық саясатты үнемі жетілдіріп келеді — министр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстан суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруды басым міндет ретінде қарастырады. Мұны Ташкентте өтіп жатқан «Water week» форумында сөз сөйлеген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
— Қазақстан су шаруашылығы саласындағы ұлттық саясатты үнемі жетілдіріп келеді. Жаңа Су кодексі қабылданды. Құжатта су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдері қамтылған. Сондай-ақ, онда суды үнемдеу мәселелеріне ерекше назар аударылған. Біз суды ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрмыстық секторда тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруды басым міндет ретінде қарастырамыз, — деді министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, алқаптарға заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысы белсенді жүріп жатыр.

— 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға дейінгі суармалы жерлерді осындай технологиялармен қамту жоспарланып отыр. Қазақстанның Су кодексінде 2030 жылға қарай тиісті сүзгіден өткен суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылған, — деп тоқталды Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, экологиялық білім беру және суды үнемдеу мәдениетін дамытуға бағытталған халықаралық жобалар іске асып жатыр.

— Халықаралық әріптестердің қолдауымен «Су және білім беру» жобасы жүзеге асуда.
Осылайша, Қазақстан су үнемдеуді өңірдің су қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге қауқарлы маңызды құрал ретінде қарастырады, — деп мәлім етті министр.
Еске салайық, таяуда Kazinform агенттігіне сұхбат берген өзбекстандық сарапшы Вадим Соколов аймақтағы су тапшылығы биыл да күрделі екенін айтқан еді.