Ел таеквондошылары Паралимпиаданың 3 лицензиясына ие болды
Қазақстандық спортшылар паратаеквондадан Францияда өтетін Париж Олимпиадасының 3 лицензиясына қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Туризм және Спорт министрлігінен мәлім еткендей, Паралимпиаданың квалификациялық регламентіне сәйкес К44 санатында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде паратаеквондошымыз Нұрлан Домбаев, +80 келі салмақта Нышан Өмірәлі және -57 келі салмақта Кәмиля Досмалова биыл Парижде өтетін бәсекенің жолдамасына ие болған.
Спортшыларымыз әлемдік рейтингтің көрсеткішіне сәйкес, топ 20 үздік спортшылар қатарына кірген.
Бүгінгі күнге дейін қазақстандық параспортшыларда Париж 2024 ойындарының 5 лицензиясы бар: паражеңіл атлетика, парапауэрлифтинг, волейболды отырып ойнау, параканоэ және паражүзу.
Еске сала кетейік, 2020 жылғы Токио Паралимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасынан 25 спортшы 5 медаль (1 алтын, 3 күміс және 1 қола) жеңіп алып, жалпы есепте 48 орынға ие болған еді.
Айта кетейік, Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтсе, ХVІІ Жазғы Паралимпиада 28 тамыз — 8 қыркүйек аралығында өтеді.