Қазақстан Тәуелсіздігін әлемде бірінші болып таныған Түркияда бұл мерекенің 20 жылдығы салтанатпен тойлануда

None
None
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат. Анкарада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты бірқатар салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресми қабылдау, түрік астанасының орталық концерт залында қазақстандық әртістердің қатысуымен концерт, Қазақстан туралы, сонымен қатар Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы жайлы фотосуреттер көрмесі, сондай-ақ Қазақстан суреткерлерінің сурет көрмесі ұйымдастырылды. Невшехир қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Қазақстан» даңғылының ашылу рәсімі өткізілді.

Елшіліктің ресми қабылдауына Анкарада ресми сапармен жүрген Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми, Түркия Парламентінің төрағасы Жемиль Чичек, TР Парламенті төрағасының орынбасары Мехмет Саглам, ТР Президенті аппаратының басшысы Мустафа Исен, ТР Премьер-Министрінің орынбасары Бекир Боздақ, Энергетика және табиғи ресурстар министрі Танер Йылдыз, ішкі істер министрі Идрис Наим Шахин, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Баяр, Анкара қаласының мэрі Мелих Гокчек, билік басындағы Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Халюк Ипек, Демократиялық партия төрағасы Намық Кемал Зейбек, Түркия аймақтарындағы Қазақстанның Құрметті консулдары, басты түрік өнеркәсіпшілері мен іс адамдары, сондай-ақ ТР Парламентінің және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Анкарада тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшылары, Түркияның қоғамдық-саяси, ғылыми-академиялық және іскер топтарының, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Түркия Парламентінің төрағасы Ж.Чичек, Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Мәми және Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев, салтанатты шырайда сөз сөйледі.

Өз сөзінде Ж.Түймебаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен 20 жылдық даму кезеңінде Қазақстанның қол жеткізген орасан зор табыстарыен атап өтті, бауырлас Түркиямен екіжақты және көпжақты қатынастар мәселелеріне ерекше көңіл бөлді, Қазақстнның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын жария етті.

Өз кезегінде Ж.Чичек екіжақты ынтымақтастықтың барлық салалардағы даму деңгейіне қанағаттанушылық білдірді, Қазақстан Президентінің түркітілдес мемлекеттердің бірігуіндегі рөліне назар аударды және Қазақстан мен Түркияның одан әрі жақындасуын құптады.

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Мәми біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігін бірінші болып таныған бауырлас Түркия екенін атап өтіп, қазақстан-түрік қатынастарының 20 жыл бойында дерлік жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы шеңберінде қазақстан-түрік қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығын және достығын дамыту» медальдары түрік парламентінің төрағасы Ж.Чичекке және елдің басқа да көрнекті қайраткерлеріне берілді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртістерінің, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Нұржамал Үсенбаеваның, Жан Тапиннің, Азамат Желтұрғызовтың, Ахат Кенжебаевтың, Жазгүл Даңылбаеваның, Гүлзия Стамбектің, «Наз» театры би ансамблі, «Белес» тобы және Қазақстан Президенттік оркестрі халық ансамблінің қатысуымен өткен концерттік бағдарлама қабылдауға келген қонақтардың зор қызығушылығын туғызды.

Қабылдау барысында шақырылғандар біздің еліміз туралы фото және бейнематериалдармен танысу мүмкіндігіне ие болды, сондай-ақ көпшілікке ұлттық тағамдар да ұсынылды.

Сонымен бірге қазақстандық әртістер Анкараның Орталық концерттік залында жеке концерттік бағдарламамен түрік астанасының тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның музыка өнерінің байлығымен және көптүрлілігімен таныстырды.

Екі елдің тығыз қарым-қатынастарының тағы бір дәлелі - мерекелік ахуалда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Мәмидің, Невшехир провинциясының губернаторы Абдуррахман Саваштың, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әйгілі туристік Каппадокия аймағында «Қазақстан» бульварының ашылу рәсімі болды. Айта кетерлік жайт, Невшехир қаласында көшелердің бірі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталған болатын.

Соңғы жаңалықтар