Қазақстан технологиялық революцияға БЭК-тегі әріптестерімен бірге қадам басуы қажет - Н.Назарбаев
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан технологиялық революцияға БЭК-тегі әріптестерімен бірге қадам басуы қажет.
Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» тақырыбымен өткен ХІХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Жаңғырту - бұл жаһандық дамудың императиві. Бүгінде әлемде адамзат алдына таңғажайып мүмкіндіктер ашатын технологиялық революция пісіп жетілуде», - деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Елбасының пайымынша, экономиканы дамыту, адамдардың өмірін жақсарту үшін еліміз Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі әріптестерімізбен бірлесіп, аталған процестерге қарай қадам басуы қажет.
«Сондықтан да барша қазақстандықтарға индустриалық-инновациялық даму, әлеуметтік жаңғыру, өңірлік және жаһандық ықпалдастықтың тарихи тағдыршешті міндеттерін түсіну маңызды», - деді Н.Назарбаев.