«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның делегациясы Иран мен Түркіменстанға барды

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның делегациясы Иран мен Түркіменстанға барды.
None
None

Сапар барысында ҚТЖ делегациясы Иранның Горган қаласында болып, Қазақстан-Түркіменстан-Иран  теміржол қатынасының ирандық бөлігінің құрылысын көріп қайтты. Бұл желінің қазақстандық бөлігі пайдалануға берілуге дайын. Ал Иран жерінен өтетін теміржол учаскесі құрылысының көп бөлігі үстіміздегі жылдың аяғына дейін бітуі тиіс, делінген ұлттық компания таратқан баспасөз хабарламасында.

Қазақ делегациясы Парсы шығанағы жағалауында орналасқан Бандар-Аббас кемежайына барып, жергілікті көліктік-логистикалық әлеуетпен танысты. Болашақта кемежай қазақстандық жүкті оңтүстік бағытта тасымалдауға пайдаланылуы мүмкін.

Сонымен қатар Иранда ҚТЖ өкілдері бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. Қазақ делегациясы Perse Intl Forwarding Company Ltd (Interrail компаниясының Теһрандағы филиалы) компаниясының жаңа теміржол терминалымен танысып, басқарушы директоры Парвиз Голабимен кездесті. Сондай-ақ Хоромозган провинциясының губернаторы Ибрахим Азизимен кездесу өтті.

Қазақ және Иран темір жолдарының ынтымақтастығы мәселесі ҚТЖ президенті Асқар Мамин мен Иран Ислам Республикасы Жол және қала құрылысы министрі Али Никзадпен және ИИР темір жолдары бас директоры Абдулали Сохеб Мохаммадимен кездесу барысында талқыланды.

Түркіменстанда Асқар Мамин Теміржол көлігі министрі Байрам Аннамередовпен кездесті. Онда Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржол қатынасындағы түркімен бөлігінің құрылысы және оның аяқталу мерзімі талқыланды.

Жұмыс сапары қорытындысы ретінде Қазақстан, Иран және Түркіменстан темір жол әкімшіліктерінің өкілдері кіретін үшжақты Комитет құру туралы шешім қабылданды. Комитет аясындағы кездесу үстіміздегі жылдың мамыр айында Ақтау қаласында өтпек.

Соңғы жаңалықтар