Қазақстан ТМД-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесіне төрағалық етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Ерсайын Нағаспаев ТМД елдерінің өнеркәсіптік кеңесінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан ТМД-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесіне төрағалық етеді
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Астанада Еуразиялық экономикалық форум аясында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің XII отырысына қатысты. Отырыста кооперацияны тереңдету, технология саласында әріптестікті дамыту және өнеркәсіпте тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыру перспективалары талқыланды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі алқалы жиынға қатысушыларға арнаған өзінің құттықтау сөзінде аталған халықаралық ұйымның елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

Қазақстан ТМД-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесіне төрағалық етеді
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

— Былтырғы қазан айында өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірлескен өндірістерді іске қосу және негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне басымдық беру қажеттігін атап өткен еді. Біз бұл тәсілді Достастыққа қатысушы мемлекеттермен өзара іс-қимыл шеңберінде дәйекті түрде іске асырып келеміз. Мұны экономикалық нақты көрсеткіштер де дәлелдейді, — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Өнеркәсіптік өнім бойынша Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы өткен жылы $35,6 млрд-ты құрады. Соңғы бес жылда Қазақстанның ТМД елдерімен өнеркәсіптік тауарлар саудасы 20%-ға өсті. Серіктес елдермен бірлесіп жалпы құны 56 млрд доллар болатын 276 өнеркәсіптік жоба іске асырылды және бір бөлігі пысықталуда. Бұл шамамен 79 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстандық тарап өнеркәсіптік дамуды одан әрі нығайту және интеграцияның тиімділігін арттыру үшін жаңа бастамаларды іске асыруға дайын.

Отырыс барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі ТМД-ға мүше мемлекеттердің Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ерсайын Нағаспаев Кеңестің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында әріптес елдермен сындарлы өзара іс-қимылға дайын екенін растады.

Отырыста электроника өнеркәсібін дамыту, салаларды цифрлық тұрғыда трансформациялау, машина жасау, металлургия, тамақ өнеркәсібі секторындағы кооперацияны кеңейту және басқа да бағыттар бойынша қызу пікір алмасу болды. Сонымен қатар ТМД-ның базалық ұйымдарының қызметіне назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.

Еуразиялық экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Иран Ислам Республикасы Сауда, өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану министрі Мохаммад Атабакпен кездесті. Кездесуде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өңдеу өнеркәсібінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Машина жасау, мұнай химиясы, құрылыс индустриясы және т. б. салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует бар екені атап өтілді.

Кездесу қорытындысында тараптар барлық перспективалы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға келісті.

Бұған дейін Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласында құқықтық реттеу неліктен төмендегенін түсіндірді.