Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласында құқықтық реттеу неліктен төмендегенін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 15 жылда құрылыс саласы орта есеппен жылына жеті пайыз өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

Ерсайын Нағаспаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Құрылыс саласы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін экономиканың негізгі бағыттарының бірі. Ол жалпы ішкі өнімнің алты пайызын құрап, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда шешуші рөл атқарады. Соңғы 15 жылда сала орта есеппен жылына жеті пайыз өсім көрсетіп, тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Бұл өз кезегінде жаңа талаптар мен заманауи тәсілдерді енгізуді қажет етеді. Ширек ғасыр бойы қолданыста жүрген заңнама 130-дан астам рет өзгертілді. Соның салдарынан құқықтық реттеудің бірізділігі төмендеді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа Құрылыс кодексін қабылдау бұл – уақыт талабы. Құрылыс кодексінің жобасы заман талабына сай әзірленіп, саланың тұрақты дамуына негіз болмақ, - деді Е. Нағаспаев.

Оның айтуынша, қала құрылысын реттеуде құжаттардың нақты иерархиясы қалыптасқан. Оларға:

- елдің аумақтық дамуының Бас схемасы;

- өңірлердің аумақтық жобалау схемалары;

- қалалардың Бас жоспары;

- және нақты жобалау жоспарлары кіреді.

- Бұрын тек қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал нақты жоспарлар жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексеріссіз қабылданатын. Соның салдарынан құрылыс нормалары жиі бұзылып, ретсіз және заңсыз нысандар бой көтерген жағдайлар болды. Осы олқылықты жою үшін 2024 жылдан бастап барлық әзірленіп жатқан немесе түзетілетін қала құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары арнайы сараптамадан өтеді. Аталған шара сапасыз әрі заңға қайшы жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан былай құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды жобалау мен салуға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар қабылданған шаралар бірыңғай цифрлық қала құрылысы жүйесін қалыптастыруға бағытталған, - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат Бақытжан Базарбек жаңа Құрылыс кодексінің жобасында адам қауіпсіздігі бірінші орында болатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар